Қуаттылығы 2400 мегаватт болатын «Балқаш» атом электр станциясының құрылысы басталғанға дейін қандай міндеттерді шешу қажет, атом электр энергиясының тарифтері қалай қалыптасады және бұл жоба ел экономикасына қандай пайда әкеледі? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Қазақстандағы АЭС құрылысы жөніндегі ұлттық оператор – «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС (ҚАЭС) басшысы Ернат Бердіғұлов жауап берді.
– 2027 жылы «Балқаш» АЭС жобасы практикалық іске асыру кезеңіне өтуі тиіс. Құрылысшылар алаңға шыққанға дейін қандай көлемде дайындық жұмыстарын жүргізу қажет?
– Келесі жылы жобаны дайындау жұмыстарын жалғастырып, құрылыс кезеңіне өту үшін қажетті іс-шараларды бастау жоспарланып отыр. Құрылыс алаңындағы жұмыстар тікелей басталғанға дейін бірқатар техникалық және ұйымдастырушылық шаралар жүзеге асырылуы тиіс.
Ең алдымен, инженерлік іздестіру жұмыстарын аяқтап, таңдалған алаңның қауіпсіздігін негіздейтін есепті дайындау қажет.
Келесі кезең – қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу және станцияны орналастыруға лицензиялар алу. Бұл бағытта мемлекеттік реттеуші орган – Атомдық қадағалау және бақылау комитетімен тығыз жұмыс жүргізіледі.
Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту қажет. Атап айтқанда, автомобиль және теміржол кірме жолдарын салу, құрылыс алаңын сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, инженерлік коммуникациялар мен байланыс желілерін жүргізу көзделген.
Тағы бір маңызды бағыт – қазақстандық кәсіпорындарды жобаға тарту. Біз отандық жеткізушілердің тізілімін қалыптастырып, ұлттық өнеркәсіптің өндірістік мүмкіндіктерін бағалауымыз қажет. Бұл қандай компаниялардың және қандай бағыттар бойынша құрылысқа қатыса алатынын анықтауға мүмкіндік береді.
Осылайша, құрылысқа дайындық тек алаңды әзірлеумен шектелмейді. Ол инфрақұрылымды дамытуды, рұқсат беру рәсімдерін жүргізуді және отандық жеткізушілер базасын қалыптастыруды қамтиды.
– Балқаш өңірінде бірден екі атом жобасы – «Балқаш» және «Мойынқұм» қарастырылып жатыр. Ірі энергетикалық нысандардың бір өңірде шоғырлануы қаншалықты орынды және өңірдің, әсіресе су ресурстарына қатысты шектеулері қалай ескеріледі?
– Атом электр станцияларын орналастыру туралы шешім бірқатар факторларды ескере отырып қабылданады. Ең алдымен, өңірдің электр энергиясына ұзақ мерзімді қажеттілігі, құрылыс алаңдарының қауіпсіздігі, нысандардың қоршаған ортаға ықтимал әсері, сондай-ақ су ресурстары мен қажетті инфрақұрылымның болуы бағаланады.
Қазақстанның оңтүстік энергетикалық аймағында қазірдің өзінде электр энергиясының тапшылығы байқалады. Болашақта энергияны көп қажет ететін өндірістердің, жасанды интеллект технологияларының дамуы және жаңа деректерді өңдеу орталықтарының салынуы нәтижесінде электр энергиясына сұраныс артуы мүмкін.
Сондықтан өңір үшін қосымша электр энергиясын өндіретін қуат көздерін қалыптастыру маңызды.
Бұл ретте әрбір станция – өзіндік инфрақұрылымы және өндірілген электр қуатын желіге беру схемасы бар дербес нысан. Дегенмен кейбір логистикалық шешімдер ортақ болуы мүмкін. Мысалы, автомобиль және теміржол бағыттарын бірлесіп пайдалану жобалардың көліктік қамтамасыз етілуін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Әрине, су мәселесіне ерекше назар аударылады. Біз Балқаш көлінің су ресурстары шектеулі екенін жақсы түсінеміз.
Салыстыру үшін Беларусь АЭС-ін мысалға келтіруге болады. Онда судың қайтарымсыз шығыны жылына шамамен 63 миллион текше метрді құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, бұл көлем Балқаш көліндегі жыл сайынғы табиғи буланудың шамамен 0,3 пайызына тең.
Сонымен қатар жобалау барысында суды тұтынуды және оның қайтарымсыз шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретін техникалық шешімдер қарастырылуда.
Атап айтқанда, екі жобада да құрғақ градирняларды пайдалану мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Олардың жұмыс істеу қағидаты ылғалды градирнялардан ерекшеленеді. Ылғалды градирняларда жылу судың булануы арқылы шығарылса, құрғақ градирняларда салқындату ауа арқылы жүзеге асырылады. Бұл су шығынын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Бір өңірде бірнеше атом нысанын орналастыру мәселесіне келсек, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) ұсынымдары мұндай тәжірибеге тыйым салмайды.
Алайда станциялар бір-біріне жақын орналасқан жағдайда олардың қоршаған ортаға жиынтық әсерін және өзара ықтимал ықпалын бағалау қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар да жүргізіледі.
Халықаралық тәжірибеде мұндай мысалдар бар. Францияда, Жапонияда және Қытайда бірнеше атом электр станциясы бір-біріне жақын орналасқан.
– Қазіргі уақытта АЭС өндіретін электр энергиясының түпкілікті құны анықталған жоқ. Ол қандай факторларға байланысты болады және атом энергетикасының тұрғындардың электр энергиясы үшін төлейтін төлемдеріне ықтимал әсерін қалай түсіндіресіздер?
– Қазіргі кезеңде нақты тариф туралы айту әлі ерте. Дегенмен оның қалыптасуына әсер ететін негізгі құрамдас бөліктерді қазірдің өзінде түсіндіруге болады.
Кез келген басқа электр станциясы сияқты, көмір немесе газ станциясы болсын, АЭС шығындары да екі негізгі топқа бөлінеді.
Біріншісі – станция құрылысына байланысты күрделі шығындар (CAPEX).
Екіншісі – пайдалану шығындары (OPEX), яғни станцияны пайдалану, қызметкерлердің еңбекақысы, отын және басқа да ағымдағы қажеттіліктерге жұмсалатын қаражат.
Күрделі шығындардың нақты көлемі инженерлік іздестіру жұмыстары, жобалау және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Пайдалану шығындарының ішіндегі маңызды факторлардың бірі – ядролық отын. Оның құны тек уран бағасымен ғана анықталмайды. Оған уранды конверсиялау, байыту және отын дайындау шығындары да кіреді. Сондықтан есептеу кезінде бүкіл технологиялық цикл ескерілуі тиіс.
Бұл тұрғыда Түркия тәжірибесін атап өткен жөн.
Төрт энергоблоктан тұратын «Аккую» АЭС құрылысын салу туралы келісім жасалған кезде екі энергоблок өндіретін электр энергиясының белгілі бір бөлігі үшін баға киловатт-сағатына 12,35 цент деңгейінде бекітілген.
Сол уақытта Түркияның энергетикалық жүйесіндегі тариф шамамен 9,34 цент болған. Яғни АЭС электр энергиясы қымбатырақ еді.
Алайда уақыт өте жағдай өзгерді. 2022 жылға қарай Түркияда электр энергиясының тарифі долларлық есеппен киловатт-сағатына шамамен 15 центке жетіп, АЭС үшін белгіленген көрсеткіштен асып түсті.
Ескеретін тағы бір маңызды мәселе – атом энергетикасының Қазақстанның жалпы энергетикалық теңгеріміндегі үлесі.
Қазіргі уақытта елімізде жылына шамамен 120–123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі.
Егер электр энергиясын тұтынудың орташа жылдық өсімі шамамен 4 пайыз болады деген болжамды негізге алсақ, алдағы 10–12 жылда электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 200 миллиард киловатт-сағатқа жетуі мүмкін.
Жылына шамамен 20 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіретін бір атом электр станциясы осы көлемнің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар тұтынушы үшін түпкілікті тарифтің қалай қалыптасатынын түсіну маңызды.
Оған тек өндірілген электр энергиясының құны ғана емес, сонымен қатар оны ұлттық және өңірлік электр желілері арқылы жеткізу шығындары, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың үстемеақысы және басқа да құрамдас бөліктер кіреді.
Біздің бағалауымыз бойынша, тұтынушы төлейтін түпкілікті тарифтің шамамен 60 пайызы электр энергиясын өндіруге, ал қалған 40 пайызы оны желілер арқылы жеткізуге, энергиямен жабдықтауға және өзге де шығындарға тиесілі.
Егер атом электр станциялары елде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 10 пайызын қамтамасыз етсе, олардың түпкілікті тарифтегі үлесі шамамен 6 пайызды құрайды.
Басқаша айтқанда, атом энергетикасында өндірілетін электр энергиясының құны түпкілікті тұтынушы тарифіне айтарлықтай әсер етпейді деп күтілуде.
– Станцияны салу және кейіннен пайдалану үшін қанша маман қажет болады? Қазақстанның болашақта АЭС жұмысын өз күшімен қамтамасыз етуге жеткілікті кадрлық әлеуеті бар ма?
– Алдын ала бағалаулар бойынша, АЭС құрылысы кезеңінде 10 мыңнан 15 мыңға дейін жұмысшы, ал станцияны кейіннен пайдалану үшін шамамен 1 800–2 000 маман қажет болады.
Бұл жерде бір мәселені нақты түсіну маңызды: бізге атом саласының 15 мың маманы қажет деген сөз емес.
Құрылыс кезеңінде Қазақстанда қазірдің өзінде бар түрлі мамандық иелері жұмыс істейді. Олардың қатарында құрылысшылар, монтажшылар, инженерлер, электрмен жабдықтау, автоматика, көлік және логистика салаларының мамандары бар.
Мұндай кадрлар бүгінде құрылыс, мұнай-газ, энергетика және басқа да салаларда еңбек етіп жүр.
Сондықтан АЭС құрылысы ең алдымен қолданыстағы кәсіби бағыттар мен отандық мердігер ұйымдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Екінші маңызды міндет – станцияны тікелей пайдаланатын персоналды даярлау.
Алдын ала есеп бойынша, қажетті 1 800–2 000 қызметкердің шамамен 400-і қосалқы және қамтамасыз ету персоналы болады. Ал негізгі бөлігін ядролық сала мамандары, инженерлер, операторлар және техникалық қызмет көрсету қызметкерлері құрайды.
Біз бұл мамандарды даярлауды үш кезең бойынша жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Бірінші кезең – базалық білім беру.
Қазақстанда қазірдің өзінде 10-нан астам бейінді университет пен ғылыми ұйымда ядролық физика, ядролық инженерия және энергетика бағыттары бойынша мамандар даярланады.
Бұл – болашақта кәсіби мамандандыруды дамытуға негіз болатын маңызды іргетас.
Екінші кезең – атом электр станциясында жұмыс істеуге арналған кәсіби даярлық.
Бұл кезең Қазақстандағы мамандандырылған оқытуды, оның ішінде бейінді ғылыми ұйымдар мен зерттеу инфрақұрылымының мүмкіндіктерін пайдалануды, сондай-ақ шетелде білім алу мен тағылымдамадан өтуді қамтиды.
Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 20 грант бөлінді.
Сонымен қатар халықаралық білім беру бағдарламалары мен технология жеткізуші елдердің гранттарын пайдалану мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Үшінші кезең – практикалық даярлық.
Бұл кезеңде болашақ мамандар жұмыс істеп тұрған атом электр станцияларында, оқу-жаттығу орталықтарында және арнайы тренажерларда тәжірибеден өтеді.
Мұндай міндеттемелер АЭС құрылысына арналған бас келісімшарт аясында қарастырылған.
Бұдан бөлек, жоба шеңберінде персоналды даярлау және олардың біліктілігін тұрақты түрде арттыру үшін жеке оқу-жаттығу орталығын құру жоспарланып отыр.
Бұл жұмысты алдын ала, яғни алдағы жылдардың өзінде бастау қажет.
Болашақ мамандар жобаға біртіндеп тартылып, технологиялармен танысып, дайындық кезеңдеріне қатысып, практикалық тәжірибе жинақтауы тиіс.
Біздің басты міндетіміз – станция пайдалануға берілген сәтке дейін оның жұмысын өз бетінше қамтамасыз ете алатын, жоғары деңгейде даярланған ұлттық мамандар командасын қалыптастыру.