Рудныйдың Ыбырайын еске алып…

Қаламызда Омар Төртбаевқа арналған көрме ашылды. Тілге тірек, ұлтқа қызмет еткен Омар ата жайлы не білеміз?

Рудный тарихи-өлкетану музейінде Омар Оспанұлы Төртбаевтың өмірі мен еңбегіне арналған «Тіл үшін еңбек – ел үшін өнеге» атты көрме ашылды. Экспозициядан ақсақалдың өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты құжаттарды, фотосуреттерді, марапаттары мен жеке заттарын көруге болады. Көрме бір ай бойы жұмыс істейді.

Қазақ тілінде білім беретін мектеп, ана тілінде тәрбие беретін балабақша, ұлттық өнерді ұлықтайтын ансамбль, діни рәсімдерді атқаратын мешіт… Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаламызда бұл бастамаларды жүзеге асыру оңай болған жоқ. Рудныйлықтардың небәрі үш пайызын қазақтар құраған кезеңде ана тілінде білім беретін мектеп ашу үлкен ұйымдастырушылықты, табандылықты және ел ішінен қолдау табуды қажет етті.

Омар Оспанұлы дәл осы міндетті мойнына алды. Зейнеткерлікке шыққанымен, ел алдындағы жауапкершілігін аяқталған міндет деп санаған жоқ. 1980 жылы Рудныйға қоныс аударғаннан кейінгі он жеті жылын туған халқының тілін, ділін, дәстүрін жаңғыртуға арнады. Ол кезде қазақ балаларының ана тілінде білім алуына мүмкіндік жасау үшін алдымен сол балаларды табу керек болатын. Омар Төртбаев пен оның пікірлес серіктері отбасыларды іздеп, ата-аналармен сөйлесіп, балаларын қазақ сыныптарына беруге үгіттеді. Алғашқы қадам 1990–1991 оқу жылында жасалды. №12 орыс орта мектебінің ішінен 11 балаға арналған қазақ сыныбы ашылды. Кейін оқушылар қатары көбейіп, қазақ сыныптарының саны артты. 1993–1994 оқу жылының басында қазақ сыныптарын жеке мектепке біріктіру жөнінде шешім қабылданып, олар №15 мектепке көшірілді. Сөйтіп, қаладағы қазақ мектебінің қалыптасуына негіз қаланды.

Ол кездегі жағдайды ескерсек, бұл істің артында қаншама еңбек пен табандылық жатқанын бағамдау қиын емес. Омар Төртбаев үшін бұл – келешек ұрпақтың өз тілінде білім алуына мүмкіндік жасау, қаланың қоғамдық өмірінде қазақ тілінің орнын қалыптастыру еді. Рудный жұртшылығының ақсақалды «Біздің Ыбырай» деп атауы тегін емес. Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында білімнің шамын жақса, Омар Төртбаев кенді қалада ана тілінде білім беретін мектептің ашылуына күш салды. Әрине, олардың өмір сүрген кезеңі мен атқарған қызметінің ауқымы бөлек. Дегенмен екеуін байланыстыратын ортақ қасиет бар: ұлт болашағын біліммен ұштастыру.

ҚОЛЫНА ҚАЛАМ АЛҒАН ҚАРИЯ

Омар Төртбаев – қаланың әлеуметтік мәселелеріне үн қосып, баспасөз арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруға атсалысқан азамат. Мамандығы ауыл шаруашылығы саласымен байланысты болғанымен, қолынан қаламы түспеген. Қала тіршілігіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, оқырманға ой салатын мақалалар жазған. Материалдары осы «Рудненский рабочий» беттерінде, сондай-ақ «Қостанай таңы», «Магнетит» секілді басылымдарда жарық көрген. Ол қазақша да, орысша да жазып, қажет кезінде басқа тілдерді де пайдаланған. Бұл қабілеті жергілікті мәселелерді әртүрлі оқырманға жеткізуге мүмкіндік берді.

Көрмеде сөз алған ардагер журналист, қадірлі әріптесіміз, «Рудный дауысы» радиосының бір дәуірдегі үніне айналған Екатерина Литвинова Омар Төртбаевпен бірге еңбек еткен жылдарын еске алды. Радиода 45 жылдан астам еңбек еткен журналистің сөзіне сүйенсек, бір күні редакцияға қолына жазған мақалаларын ұстаған Омар ақсақал келеді. Материалдары қаланың қоғамдық және әлеуметтік мәселелеріне арналған екен.

«Ол кезде редакциямызда тілші аз еді. Бір күні басымызға бақ болып, Омар келді. Қолында жазған мақалалары бар. Барлығы Рудныйдағы мәселелер жайлы, қоғамдық және әлеуметтік тақырыптар. Сөйтіп, штаттан тыс тілші ретінде жұмысқа араласып, тың ақпараттар жинап, ізденіп, мақала жазатын», – деп еске алды Екатерина Ивановна.

Омар Төртбаевтың журналистік еңбегі қаланың тыныс-тіршілігін жазып қана қоюмен шектелмеді. Ол қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуге тырысты.

АНА ТІЛІМІЗГЕ ТІРЕК БОЛҒАН

Баланың тілдік ортасы ерте жастан қалыптасады. Ана тілінде сөйлесіп, ән тыңдап, тақпақ айтып, ұлттық дәстүрмен танысқан бала өз болмысын да сол ортада таниды. Тарихи деректер бойынша, Омар Төртбаев пен қалалық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері балабақшаларда қазақ топтарын ашуға күш салған. Нәтижесінде жеті балабақшада қазақ топтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыстық балалар үйінде тәрбиеленетін қазақ балаларының туған тілінде тәрбие алу мәселесі де көтерілді. Бұл істің оңай болмағаны замандастарының естеліктерінен аңғарылады. Қажетті мамандарды табу, қаржыландыру мәселесін шешу, тиісті мекемелердің келісімін алу керек еді. Әсіресе, қазақ тілінде жұмыс істейтін тәрбиешілер мен күтушілерді іздеу айтарлықтай қиындық туғызды. Омар ақсақал осы мәселені шешу үшін тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып, ұсыныстың жүзеге асуына ықпал етті. Оның табандылығының арқасында балалардың ана тілінде тәрбие алуына жол ашылды.

Бұл бастаманың маңызы зор еді. Баланың туған тілін балабақшадан бастап меңгеруі оның кейінгі біліміне де негіз болады. Ал балалар үйінде тәрбиеленетін бүлдіршіндердің ана тілінде сөйлеп, ұлттық құндылықтармен танысуы олардың өз тамырынан ажырамауына мүмкіндік берді.

МЕШІТ, ӨНЕР ЖӘНЕ ОРТАҚ МАҚСАТ

Омар Оспанұлының қоғамдық қызметінің тағы бір бағыты – діни және мәдени өмірді дамытуға атсалысуы. Ол Рудныйда мешіт ашу мәселесін көтеріп, осы мақсатта жергілікті басшылықпен жұмыс жүргізді. Қостанайдағы мешітке жұма намазына баратын қариялардың басын қосып, олардың қатынауына көмектескені жөнінде де естеліктер бар.

Қаланың қоғамдық өміріне қатысты бастамаларының қатарында «Гәкку» ансамблін ұйымдастыруға қосқан үлесі де аталады. Ақ жаулықты әжелерден құралған бұл өнер ұжымы ұлттық ән мен дәстүрді дәріптеуге мүмкіндік берді.

ОМАР ОСПАНҰЛЫ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІГІН БӨЛІСКЕН БАЯН ОМАРҚЫЗЫ СӨЗІН: «ӘКЕМ ТУРАЛЫ КӨП ӘҢГІМЕ АЙТУҒА БОЛАДЫ, ТЕК УАҚЫТ ЖЕТПЕЙДІ», – ДЕП БАСТАДЫ.

«Біздің Ыбырай» атанған ақсақалдың Баян, Ғалия, Гүлнәр атты үш қызы бар. Үшеуі де жоғары білім алған. Жары Ғайша әжей 2006 жылы дүниеден өткен.

Баян Омарқызының айтуынша, әкесі балаларының білім алуына ерекше мән беріп, үнемі оқуға үндеген. Үйде газет-журнал көп болған. Олардың арасында қазақша, орысша басылымдармен қатар араб тіліндегі материалдар да кездескен. Қызының естелігінен Омар ақсақалдың білімге деген құрметі мен ізденіске құштарлығы аңғарылады. Ол балаларының тек білім алып қана қоймай, дүниетанымын кеңейтіп, үнемі оқып-үйренуіне мән берген. Әке еңбегі туралы айтқанда, қызының сөзінен мақтанышпен қатар, оның өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа жеткізуге деген жауапкершілік те сезіледі. Өйткені адамның өмір жолы қоғамға әсер етіп, бірнеше буынның тағдырына ықпал етсе, оның ғұмыры тұтас қаланың тарихымен астасады. Омар Төртбаевтың өмірі де осындай сипатқа ие.

«ӨЛДІ ДЕУГЕ БОЛА МА, АЙТЫҢДАРШЫ, ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНДА ІЗ ҚАЛДЫРҒАН»

Омар Төртбаевтың өмірі мен еңбегі туралы естеліктер әр жылдары баспасөзде жарияланып, оның қоғамдық қызметі кейінгі ұрпаққа таныстырылып келеді. Енді музейде арнайы стендтің ашылуы осы тарихи жадты сақтаудың тағы бір жолына айналды.

Көрмеге қойылған құжаттар, фотосуреттер, марапаттар мен жеке заттар келушілерге Омар Төртбаевтың қоғамдық қызметін таныстырып қана қоймай, өзі өмір сүрген кезеңнің тынысын сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оның өмірі мен еңбегіне арналған деректі туынды да бар. «Хабар» телеарнасының «Жастар жанары» бағдарламасы аясында түсірілген «Сто добрых дел Омар ата» атты шығарылымда ақсақалдың елге сіңірген еңбегі баяндалады. Көрме барысында осы туындыдан үзінді көрсетілді.

15 қазанда ашылған көрме бір ай бойы келушілерге ашық болады. Осы уақыт ішінде Омар Оспанұлының өмірімен танысқан әр адам оның еңбегіне өзінше баға берері анық.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған», – деп Абай атамыз айтқандай, дүниеге келмек бар, кетпек бар. Бұл – өмір заңы. Ал артында қалған ізі мен ісі болса, ол – бір ғанибет. Омар ата сексеннен асқан шағында Рудныйдағы қазақ мектебі мен мұсылман мешітін ашуға күш-жігерін, ақыл-парасатын жұмсаған жан. Өз қолымен мектеп салып, мешіт тұрғызуға мүмкіндігі болмаса да, осы игі бастамалардың жүзеге асуына барын салды.

Адамның артында қалатын ең үлкен мұра – өзі бастап кеткен істің жалғасуы. Омар Төртбаевтың есімі де елге сіңірген еңбегімен, ұлт болашағына деген жанашырлығымен және өнегелі жолымен есте қалуға лайық.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ