Владимира Михайлюк: «Болашақ бүгінгі білімнен басталады»

Рудныйлық ұстаз Жолдауда көтерілген бастамаларға тоқталып, мемлекеттік тілдің маңызы жөнінде ойын айтты

Ел ертеңіне алаңдайтын әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамның алға басуына үлес қосады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ВладимИрa Михайлюк те Президент Жолдауынан осындай ой түйгенін айтады:

«Еліміздің дамуына әр азамат өз еңбегімен үлес қосуы керек деп санаймын. Ұстаз ретінде менің міндетім – балаларға сапалы білім беріп, олардың бойына жауапкершілік пен ізденіске деген құштарлықты сіңіру. Өйткені бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат.Олар сапалы білім алып, саналы түрде мамандық таңдауы керек. Өздері таңдаған саланың білікті маманы болып қалыптасып, алған білімдерін еліміздің игілігіне жұмсаса деймін. Сонда ғана Қазақстанның дамуына үлес қоса алады. Жалпы, еліміздің болашағын білімді, еңбекқор жастары көп, даму жолында келе жатқан мемлекет ретінде елестетемін. Болашаққа сеніммен қарау үшін әрқайсымыз бүгіннен бастап еңбек етуіміз керек.

Жолдаудағы білім саласына қатысты мәселелерге тоқталсам, мені әсіресе жасанды интеллектіні қолдану тақырыбы қызықтырды. Неге десеңіз, өзім ұстазбын. Қазір жасанды интеллектінің тиімді тұстары да, кемшіліктері де бар. Мысалы, мен ЖИ-ды сабақтарымда қолданамын. Балаларға қызықты тапсырмалар дайындауға, сабаққа арналған таныстырылымдар әзірлеуге және әр оқушының білім деңгейіне сай тапсырмалар құрастыруға көмектеседі. Осы жағынан алғанда, жасанды интеллект мұғалім үшін үлкен көмекші бола алады деп санаймын.

Алайда жасанды интеллект мұғалімнің орнын баса алмайды. Өйткені балаға ұстаз тарапынан шынайы қолдау мен адамдық қарым-қатынас қажет. Оқушы мұғалімнің жанашырлығын сезінуі керек. Сондықтан қандай технология дамыса да, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың орны бөлек деп ойлаймын.

Жалпы, Жолдауда айтылған мәселелердің ішінде жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамытуға қатысты бастамаларға ерекше мән беремін. Әрқайсымыз еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек. Еңбек етіп, елдің болашағы туралы ойлануымыз қажет. Мен де ұстаз ретінде өз үлесімді қосуға тырысамын.

Мемлекеттік тілге келер болсақ, қазақ тілі – еліміздің мемлекеттік тілі. Бастауыш сыныпта қазақ мектебінде оқыдым. Мен үшін қазақ тілін білу – үлкен мәртебе. Сол себепті ата-анама және білім берген ұстаздарыма ризамын. Қазақстан Президенті Жолдауында қазақ тілін дамыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Бұл бастамалардың жастарға берер ықпалы зор деп ойлаймын. Қазір мемлекеттік тілді қолдауға және оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған түрлі бағдарламалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Тек әр азамат тілге деген құрметін құр сөзбен емес, іс-әрекетімен көрсетіп, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге атсалысуы керек».

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ

суретті түсірген Даниила САЕНКО