Қаламызда тоғызқұмалақтан облыстық мектеп лигасы өтті

Ұлттық зияткерлік ойынның орталығына айналған білім  ордасы

Қазанның 14–17-сі аралығында №13 жалпы білім беретін мектеп қабырғасында тоғызқұмалақтан облыстық мектеп лигасы өтіп, Қостанай облысының әр өңірінен жиналған жас ойыншылар өзара бақ сынасып, төрт күнге созылған зияткерлік бәсекеде 5–6, 7–8 және 9–11 сынып оқушылары шеберліктерін ортаға салды.

Басты мақсат – тоғызқұмалақты кеңінен дәріптеу, өскелең ұрпақтың логикалық ойлау қабілетін дамыту және ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру. Жарысты қабылдаған №13 жалпы білім беретін мектеп үшін де бұл бәсекенің орны бөлек. Білім ордасының директоры Исламбек Ғалымжанұлының сөзінше, Рудный қаласының атынан облыстық лигада қалалық кезеңнің жеңімпаздары өнер көрсеткен.

«Қостанай облысының әр түкпірінен келген оқушылардың басын қосқан тоғызқұмалақтан облыстық лига өтті. Рудный қаласының атынан 7–8 және 9–11 сыныптар арасындағы жарыстарда қалалық кезеңнің жеңімпаздары бақ сынасып, қаламыздың абыройын қорғады», – деді мектеп директоры.

№13 мектептің оқушылары бірнеше жылдан бері тоғызқұмалақ пен асық атудан түрлі деңгейдегі жарыстарға тұрақты қатысып келеді. Былтыр тоғызқұмалақтан жекелей сында облыстық жарыста үшінші, қалалық бәсекеде екінші орын алған. Ал жаңа оқу жылынан бастап ұлттық өнерді дәріптеу бағытындағы жұмыстарға домбыра үйірмесі де қосылған.

«Облыстық жарыс болғандықтан, мұнда әр қаладан үздік ойыншылар жиналды. Осы сайыста топ жарғандар алдағы уақытта облысымыздың намысын қорғайды. Жалпы, тоғызқұмалаққа деген қызығушылық әлемде де артып келеді. Оқушылардың ойынына қарасақ, шеберліктері жақсы. Қала мен облыс деңгейінде бұл спорт түріне қызығушылық жылдан-жылға артып, мектептерде тоғызқұмалақ үйірмелері ашылып жатыр. Жекелей және командалық жарыстарда облысымыздың жастары жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл турнир швейцариялық жүйе бойынша өткізіліп, жеті турдан тұрды. Жарыс командалық форматта ұйымдастырылды», – деді облыстық лиганың бас жаттықтырушысы, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Дәулет Мұқатайұлы.

Аудандық кезеңде топ жарып, облыстық лигаға жолдама алғандардың бірі – Әулиекөл ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 8 «Ә» сынып оқушысы Ернұр Азаматұлы. Ол тоғызқұмалақпен төртінші сыныптан бері айналысады. Жас ойыншыны бұл ойынның қызықтылығы мен ойлау қабілетін дамытуға ықпалы қызықтырады. Ернұрдың мектебінен облыстық турнирге сегіз оқушы қатысқан. Олардың төртеуі – өз сыныптастары.

«Аудандық жарыста бірінші орын алып, облыстық лигаға жолдама алдық. Мұғаліміміз Асхат ағай осы жарысқа қатысуға шақырды. Сайыс барысында төрт рет жеңіп, екі рет жеңіліп қалдық. Жүлделі орын аламыз деп үміттенеміз. Бірінші турда қобалжу болды, бірақ кейін басылды. Тоғызқұмалақ ойнап жүргеніме төрт жыл болды. Бұл – қызықты ойын, әрі ойлау қабілетімді дамытады. Алдағы уақытта да осы бағытта айналысуды жоспарлап отырмын», – дейді жас ойыншы.

Қостанай облысының тоғызқұмалақшылары алдағы республикалық лигада өнер көрсетеді. Өңір атынан қатысатын ойыншылар облыстық жарыстың қорытындысы бойынша анықталады.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ