Рудный оқушылары мектеп ауласына елу түп ағаш отырғызды
«Эко-QUIZ» бесінші маусымында оза шапқан №4 мектеп-лицейінің оқушылары елу түп ағаш көшетін еншілеп, жасыл желектің жайқалып өсуіне мұрындық болып отыр. Лицей аумағына мырза терек, тал және шетен ағаштарының елу түп көшеті егілді. Бұл сауапты іске сегізінші және оныншы сыныптың он сегіз оқушысы қатысты. Бұл бастама «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясындағы «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасымен үндесіп жатыр.

Игі істің түп төркіні – оқушылардың экологиялық сауатын арттыратын сайыс. Бұл жарысты «ССКӨБ» АҚ Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің қолдауымен ұйымдастырып келеді. Биыл бесінші мәрте өткен сайыста жиырмадан астам ойын ұйымдастырылып, соңғы маусымның өзінде екі жүзден астам өсімдік егілді. Сайыс барысында балалар табиғатты қорғау жөніндегі білімдерін ортаға салып, бақ сынасады. Ал жүлдегер атанғандар тапқан жүлдесін туған қаласын көгалдандыруға жұмсайды.
№4 мектеп-лицейінің оқушылары да сыннан сүрінбей өтіп, топ жарды. Мектептің «Greenwich» командасы екінші, ал «Green Squad» командасы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар, бағалы сыйлықтар және мектеп ауласына егетін көшеттер табысталды. Шарт бойынша екінші орынға он бес, үшінші орынға он көшет тиесілі болды. Осылайша, екі команда жиырма бес түп ағаш ұтып алды. Бұған дейінгі іріктеу кезеңдерінде де олжаға кенеліп, тағы жиырма бес көшет алған еді. Нәтижесінде мектептің жасыл қоры елу түп ағашпен толықты. География пәнінің мұғалімі Оксана Кучинаның айтуынша, былтыр да жоғары сынып оқушылары бақ сынап, жүлделі оралған болатын. Биыл сегізінші және оныншы сынып оқушылары ұйымшылдық танытып, мектеп қоржынын тағы да көшеттермен толтырды.
«Мектебіміз экологиялық іс-шараларға әрдайым белсене қатысады. Мұндай жарыстар балаларға білімін шыңдап, өзге мектептермен бәсекелесуге мүмкіндік береді. Іріктеуден өткен оқушыларымыз тапқырлығын көрсетіп, екі командамыз да жүлдегер атанды. Нәтижесінде әуелі бұталар, кейін ағаштар ұтып алып, бәрін мектеп ауласына отырғыздық», – дейді Оксана Кучина.
Ұстаздың сөзінше, оқушылар бұған дейін де ұтып алған ырғай бұталарын мектеп алдына өз қолдарымен еккен. Олардың түбін қопсытып, уақытылы суарып, күтімін бір сәт те назардан тыс қалдырған емес. Бұл жолы ағаш көшеттерін отырғызу арқылы бұл іс жаңа сипат алды.
Оксана Кучина экологиялық тәрбиенің бір реттік шарамен шектелмейтінін атап өтті. Мектепте бұл бағытта жүйелі жұмыс жолға қойылған. Атап айтқанда, факультатив сабақтары өтіп, ЮНЕСКО ұйымы аясында да қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне басымдық беріледі.
«Жылдың қай мезгілі болсын, табиғатты қорғау шараларынан қалыс қалмаймыз. Ең бастысы, балалар көшет егумен ғана шектелмей, оған жауапкершілікпен қарайды. Таңертең мектепке келгенде ағаштарын суарып, жайқалып өсуіне жағдай жасайды. Әрқайсысының тамыр жайып кеткеніне қуанамыз. Өйткені әр оқушы «Таза Қазақстан» бағдарламасы арқылы туған қаласының көркеюіне өз үлесін қоса алады», – дейді мұғалім.
Ағаш отырғызу – атқарылған жұмыстың басы ғана. Ендігі міндет – көшеттердің жерсінуіне жағдай жасап, баптап өсіру. Мектеп ұжымы бұл жауапкершілікті түгелдей оқушылардың өзіне жүктейді. Балалар жасыл желектің жай-күйін өздері бақылап, суарып тұрады.
Оныншы сынып оқушысы Иван Макаренко бұл істі туған қаласына жасалған сый деп біледі.
«Қаламыздың көгалданып, көшелері мен аулаларының жасыл желекке бөленгені қандай жақсы! Бұл жолы да сыныптастарымызбен бірігіп, мектеп айналасын көркейтуге атсалыстық. Шұңқыр қазып, көшеттерді отырғызып, су құйдық. Табиғатты аялау әр адамның отбасынан басталады деп ойлаймын», – дейді Иван Макаренко.
Ал сегізінші сынып оқушысы Рустем Кабылкаев мұндай шаралардың жасөспірімдерге берер тәрбиесі зор екенін айтады.
«Таза ауа – өмірдің негізі. Сыныбымызбен сенбіліктерге шығып, аллеяларға ағаш еккенбіз. Бұл игі дәстүрді әлі де жалғастырамыз», – дейді ол.
«Эко-QUIZ» ұйымдастырушыларының мәліметінше, жобаның мақсаты – оқушылардың экологиялық сауатын арттырып, табиғатқа жанашыр болуға баулу. Бес маусымда атқарылған жұмыстар мен егілген жүздеген өсімдік соның дәлелі.
№4 мектеп-лицейінің ұжымы алдағы уақытта да осындай бастамаларға белсене қатыспақ. Оқушылар отырғызған көшеттерінің жылдар өте жайқалып, мектеп ауласын жасыл желекке бөлейтініне сенеді.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО