Қостанай облысында бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған азаматтарды бақылау жұмыстары жалғасуда. Пробация қызметтерінің негізгі міндеті – қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу, сотталғандардың түзелуіне ықпал ету және олардың белгіленген талаптарды сақтауын қамтамасыз ету.
Өңірде 20 пробация қызметі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда олардың есебінен барлығы 1 893 адам өткен, қазіргі уақытта есепте 806 сотталған азамат тұр.
Жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын қасақана бұзғаны үшін жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру мүмкіндігі туралы 273 ескерту берілген. Оның ішінде 84 құқық бұзушылық электрондық бақылау құралдарының көмегімен анықталған. Бұл құралдар сотталғандардың белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауға мүмкіндік береді.
Материалдарды қарау нәтижесінде жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын қасақана бұзған 196 сотталған азамат одан әрі жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберілген.
Сонымен қатар пробация қызметінің оң нәтижелері де бар. 170 сотталған азамат шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін пайдаланған. Олар заң талаптары мен белгіленген тәртіпті сақтай отырып, түзелгенін дәлелдеген.
Пробация қызметтері сотталғандарды бақылаумен қатар, олардың қоғамға бейімделуіне де бағытталған жұмыстар жүргізеді. Бұл ретте әрбір азамат бас бостандығынан айырмайтын жаза қоғамда еркін жүруге мүмкіндік бергенімен, заң талаптарын орындау міндетті екенін түсінуі тиіс.
Заңды сақтау – баршаға ортақ міндет. Белгіленген талаптарды жүйелі түрде және қасақана бұзу заңнамада көзделген жауапкершілікке, соның ішінде жазаны нақты бас бостандығынан айыруға ауыстыруға әкеп соғуы мүмкін.