Осы және басқа да көптеген жайттар қалалық ардагерлер кеңесінің ашық отырысында ардагерлерге айтылды
Кеше жастар ресурстық орталығының қабырғасында қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының кезекті отырысы өтті. Жиында 2022 жылға арналған жұмыс жоспарлары талқыланды.
Рудный қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов әлеуметтік-экономикалық саладағы жоспарларға тоқталды.
Биыл Восточная көшесінің бойында тұрғын үй құрылысы жалғасады. Мұнда тағы бес үй салынады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта 18 тұрғын үй салу жоспарланып отырған 19-шағын ауданда тұрғын үй құрылысының жобалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат тарту жұмыстары жүргізілуде. Негізінен бұл «Отбасы банкі» салымшылары үшін несиелік баспана болмақ. Рудныйда мұндай 5400-дей адам бар.
Биылғы жыл қала үшін өте маңызды. Рудныйға 65 жыл. Осы күнге дейін қала ішіндегі алаңдарды, субұрқақтар мен ескерткіштерді қайта жаңғырту жобалары әзірленуде. Жолды қайта жөндеу жұмыстары жалғасады. Мәселен, Пушкин көшесі ақыры жөнделді. Фролов және Сандригайло көшелеріндегі жұмыстарды жалғастыру жоспарда бар.
Әлеуметтік маңызы бар нысандарды жарықтандыру мәселесі де айналып өтпек емес. Мәселен, №18 мектеп ауданында жұмыстар жүргізілуде, №12 мектептің аумағы да жарықтандырылады. Биыл 10 ойын алаңы салынады.
Әкімнің орынбасары қоқыс мәселесіне жеке тоқталды. Қаладағы қоқыс шығаратын екі компания арасындағы соғыс кеншілерді жағдайдың кепіліне айналдырады. Бұдан былай барлық қоқыс тұрақтары қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында болады деп шешілді. Қоқыс шығаратын кәсіпорындар арасында қызмет көрсету бойынша тендер өткізіледі. Қала үшін жаңалық болып табылатын қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмысының форматын егжей-тегжейлі зерделеу үшін біздің мамандар Нұр-Сұлтанға жіберілді, мұндай механизм елордада бұрыннан жұмыс істеп келеді.
Сөзінің соңында Азамат Ысқақов жиналғандардың барлығына ревакцинация қажеттігін еске салды.
Залдан әкім орынбасарына сауал түсті: «Жақын арада Рудный қаласында ұзақ уақыт тұрып, қызмет еткен Кеңес Одағының Батыры Михаил Галинге ескерткіш тұрғызу жоспарда бар ма? Ол осындай жоғары атағы бар жалғыз кенші». Азамат Қуандықұлының жауабы теріс болды. Қазіргі уақытта бар ескерткіштерді қалпына келтіруге және күтіп ұстауға ақша бөлінуде.
Одан кейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Елена Скаредина сөз алды.
Елена Вадимовна баяндамасын жақсы жаңалықпен бастады. Рудныйда биылғы жылы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу жоспарлануда. Орталықтың жұмысы қарттарды қоғамдық өмірге тарта отырып, олардың денсаулығын қолдауға көмектесуге бағытталатын болады. Мұндай орталықтарда йога, скандинавиялық серуендеу, би билеу сабақтары тегін жүргізіледі. Зейнеткерлерге медициналық, психологиялық және заңгерлік кеңестер беріліп, оларға IT және смарт сауаттылық, шет тілдері үйретіледі. Орталықтар көшпелі шараларды, мәдени орындарға баруды, тақырыптық концерттер мен іс-шараларды ұйымдастырады. Бұл әлеуметтік тапсырысқа қаржы бөлініп қойған.
Қорытындылай келе, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов атқарылып жатқан жұмыстың қыруар екенін, мәселені бірлесе шешу арқылы ғана бүкіл жоспарды орындауға болатынын атап өтті.