«AMANAT» атты жаңа атауға ие болған билеуші партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында партияның бұлай аталуының 7 себебін атады.
Біріншіден, «AMANAT» – мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілікті алған партия.
Тәуелсіз мемлекетіміз, еліміз бен жеріміз – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы аманатты халық игілігі үшін сақтап қалу, келер ұрпақтарға жеткізу – ел тұтқасын ұстаған бас партия үшін ең үлкен жауапкершілік.
Екіншіден, «AMANAT» – халық мұрасын сақтаушы партия.
Тамыры терең тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тіліміз бен салт-дәстүріміз – Тәуелсіз Қазақстанның барша азаматтарының мұрасы.
Осы мұраны біртұтас елдің ортақ мүддесі үшін аманат ретінде көздің қарашығындай сақтап, дамуына жағдай жасау – партияның ірі міндеттерінің бірі.
Үшіншіден, «AMANAT» – мемлекеттік мүддеге адал, қоғам игілігіне жұмыс істейтін партия.
Халық ұғымында «аманатқа қиянат жасалмайды», яғни аманатты сақтаушы партия мүшелері – ең әуелі мемлекет мүддесіне адал азаматтар.
Төртіншіден, «AMANAT» – сайлаушылар аманатын орындайтын, халық үніне құлақ асатын партия.
Халықтың үні – сайлау кезінде азаматтардың талап-тілегі мен партияға тапсырған аманаттары. Олар сайлауалды бағдарламаға енгізілді. Партия сайлаушылардың аманатын орындау арқылы елге қызмет етеді. Барлық аймақтардағы қабылдау бөлмелері мен қоғамдық
кеңестері арқылы халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, билік органдарына жеткізіп, оң шешім қабылдануына ықпал етеді.
Бесіншіден, «AMANAT» – қоғамдағы әлеуметтік әділдікті жақтайтын, барша азаматтарға тең мүмкіндік беруді қолдайтын партия.
Біз бір-біріне қолдау білдіретін, мықтылары әлсіздерге жәрдем беретін,
әлеуметтік әлсіз топтардың мүддесін қорғайтын қоғам құруға ұмтыламыз. Аманат сақталған жағдайда қоғамда адамдар арасындағы
бауырмалдық, сенім мен мейірім күшейеді, ел ішінде ырыс-береке ұялайды.
Алтыншыдан, «AMANAT» – отбасы құндылықтарын, қоғамдық бірлікті насихаттайтын партия. Тәуелсіз Қазақстанды өркендететін келер ұрпақ болғанда, зиялы, көзі ашық, тәрбиесі көркем ұрпақты тәрбиелеу – ата-ананың, қоғамның және мемлекеттің мойнындағы аманат. Сондықтан партия отбасы институтының берік болуына, ұлттық бала тәрбиесіне, ана мен баланың құқығының қорғалуына баса назар аударады.
Жетіншіден, «AMANAT» – мемлекетті басқаруға көрсетілген сенім.
Бір ұжымның қызметкерлері – басшыға, сайлаушылар – партияға, халық – Президентке аманат.