Жылуың қандай, Қашар?

Кезекті жылу маусымы артта қалды. Қыс бойы Рудныйдағы ССКӨБ жылу-электр орталығы мен Қашар жылу орталығының жабдықтау жүйесінде айтарлықтай ақау болған жоқ.

Қашар жылу орталығының ыстық су қазандықтары жылу энергиясының бірден-бір көзі болып табылады. Осыған байланысты, бүкіл жылыту кезеңінде олар номиналды жылу жүктемесі бар бір ыстық су қазандығында жұмыс істейді, ал екінші ыстық су қазандығы резервте болады.

№3 ыстық су қазандығында жабдықтардың тиімділігін арттыру мақсатында өткен жылдың күзінде жалпы сомасы 117,6 млн теңгеге құбырдың бір бөлігін ауыстыру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл негізгі жабдықтың техникалық жарамды күйде сақталуын қамтамасыз етті.

Бүгінде Кен алыбының тағы бір ірі экожобасы – Қашар жылу орталығын газға көшіру жүзеге асырылуда. Жобаны жеңіп алған мердігер ұйым «Bert group» әзірге бір қазандықты бөлшектеп, тиісті іс-шараларды атқаруда.

Рудный ЖЭО-да да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылға дейін онда төрт іске қосу кешені пайдалануға беріледі, генераторлар ауыстырылып, екі жаңа бу қазандығы орнатылмақ.

ЖЭО мен Қашар жылу орталығын жаңғырту жылу көздерінің тұрақты және сенімді жұмыс істеуіне бағытталған. Оның үстіне Қашар тұрғындары жазда үздіксіз ыстық сумен қамтылады.

Айдын АСҚАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *