Рудныйлық «Нұр» мешіті Ораза айт мерекесіне орай мәдени және спорттық іс-шаралардың ұйытқысы болды. Бұл күні 700-ге тарта мұсылман жамағат Алланың жердегі үйінде айт намазын оқып, ұлық мерекеге бір адамдай атсалысты.
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады.
– Кеңпейіл, бауырмал, қонақжай, дархан мінезді мұсылман халқымыз Ораза айтты ерекше атап өткен. Биыл еліміздің мұсылмандары да қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысты. Мешітімізде ауызашарлар мен қайырымдылық акциялары өтті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау жақсы істерге үлес қосқан жерлестеріме Алла разы болсын!, – деді бас имам Бектұрсын қажы Торғайбайұлы жиналған жұртты құттықтап.
Айта кетейік, «айт» сөзі «қарымта» деген мағынаны білдіреді. Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, жылы шырай танытып, тілеулестік білдіру де – игі амал.
«Нұр» мешітіне жиналған жұртқа ақ дастархан жайылып, дәстүрлі әндерімізді паш ететін шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Шара соңында қазақтың ұлттық спорт түрлері әспеттелді. Мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесіне айналған Ораза айт мерекесінен рудныйлықтар өте жақсы әсер алды.
Айдын ҒАЛЫМҰЛЫ
газета «Рудненский рабочий»