Рудныйлық спортшы Нұржас Байниязов Стамбулда өткен кикбоксингтен Әлем кубогында топ жарды. Жерлесіміз фулл-контакт бөлімінде 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын
Түркияның төрінде ұйымдастырылған байрақты бәсекеге 43 мемлекеттен 3000-ға тарта спортшы қатысты. Олар бес жас категориясында (кадеттер, жасөспірімдер, жастар, ересектер мен ардагерлер) жекпе-жектің жеті түрі бойы бақ сынасты.
Нұржас Байниязов – Рудныйлық балалар мен жасөспірімдерге арналған №2 спорт мектебінің тәрбиеленушісі, Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы. Жерлесіміз жақында ғана Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанып, ҚР спорт шебері нормативін орындаған.
Айта кетейік, Қазақстанның құрамасы Анадолы еліндегі Әлем кубогында 102 медаль, оның ішінде 34-і алтын жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 2-орынды иеленген.
Осындай жеңіске қол жеткізуге үлес қосқан Нұржасты шын жүректен құттықтап, алдағы ҰБТ-да сәттілік, ал жарыстардан тек алтынмен оралуын тілейміз.
Айзат ИБРАГИМ