Кеше еліміздің барлық мектептерінде «Соңғы қоңырау» шарасы өтіп, 170 мыңға тарта түлек мектеппен қоштасты
Соның ішінде Рудный қаласындағы №19 мектептің ұжымы 2021-2022 оқу жылын сәтті аяқтап, 9 және 11 сыныпты аяқтаған оқушыларын үлкен өмірге қимастықпен шығарып салды.
Білім ордасында соңғы қоңырау 1224 бала үшін соғылды. Түлектердің саны 9-сыныпта – 128 оқушы, 11-сыныпта – 20 оқушы. «Үздік аттестат» үміткері – Нұрсила Сарибаева.
Салтанатты шара барысында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шурентаев, қалалық білім бөлімінің әдіскері Есен Ерғазин мен мектеп директоры Гүлжазира Смағұлова жүрекжарды лебіздерін білдіріп, түлектерге сәт-сапар тіледі.
Өте жоғары деңгейде концерттік бағдарлама ұсынылып, соңғы қоңырау үні сыңғырлады.
Ұстаздардың еселі еңбегі мен оқушылардың тынымсыз ізденісінің арқасында биылғы оқу жылын №19 мектеп үлкен жетістіктермен аяқтап отыр. Атап айтсақ, қалалық 1-7 сыныптың «Зерде» ғылыми жобалар байқауына 10 оқушы қатысып, оның 5-еуі жүлделі орын алса, «Дарын» ғылыми жобалар байқауына 6 оқушы қатысып, 3-еуі жүлделі орын иеленді. 10-сынып оқушысы Абылайхан Асанбаев облыстық кезеңге жолдама алды.
Сонымен қатар облыстық «Туған өлке – тұнған тарих» ғылыми зерттеу жобасында «Ауыл атаулары тарихының ерекшеліктері» номинациясы бойынша «Өлкетану тарихи атаулардан басталады» тақырыбында жобасын қорғап, 9-сынып оқушысы Асел Шахатова 3-орынды иеленді.
Халықаралық «Біз – Отанымыздың патриотымыз» атты кіші Баймағамбет оқуларына 9 оқушы қатысып, 6 оқушы жүлдегер атанды. 9-сынып оқушысы Асел Шахатова республикалық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» ғылыми жобалар байқауында 1-орынды иеленді.
11-сынып оқушысы Дулат Торежанов Астана ІТ Университеті ұйымдастырған ғылыми жобалар байқауында жүлделі 3-орынды иеленіп, аталмыш оқу орнынан оқу грантын ұтып алды.
Мектепте Республикалық пән олимпиадасында жүлделі орындарды иеленген оқушылар да біршама. Бастауыш 1-4 сыныптардың пән олимпиадасының қалалық кезеңіңде 4 оқушы жүлделі орын алса, 5-6 сынып оқушылары арасында 3 оқушы топ жарып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 5-сынып оқушысы Асел Турганбекова облыстық кезеңге қатысты. 7-8 сыныптардың пән олимпиадасында 7 оқушы жүлделі орындарды алса, 9-11 сыныптар бойынша 6 оқушы жүлдегер атанып, облыстық кезеңде 9-сынып оқушылары Аружан Канатбаева биология пәнінен 1-орын, Ару Амангелдиева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 2-орынды иеленді.
9-сынып оқушысы Ару Амангелдиева республикалық Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасына қатысып, 2-орынды иеленді. Сонымен қатар, білімпаздар түрлі бағытта өткен қалалық, облыстық шығармашылық байқаулардың да жеңімпаздары.
Ал қара шаңырақтағы «Тәуелсіз қыздар», «Бұрымды қыздар» дебат командалары – қалалық, облыстық пікірсайыстардың жеңімпаздары.
– «Дарынды жас – еліміздің болашағы!» дегендей жарқын болашақтың кілті біздің оқушыларымыздың қолында. Болашақта еліміздің дамуына әр бала үлес қоса алады. Осы мақсатта мектебімізде «Болашақ» оқушылар ғылыми қоғамы жұмыс жасайды. Оқушылардың ғылыми қоғамы – бұл ғылыми-зерттеушілік жұмыс дағдыларын қалыптастыруға және зерттеушілік қабілетін дамытуға талпынған оқушы жастардың ерікті шығармашылық бірлестігі. Сәтін салса, келер оқу жылында жетістіктерімізді еселей түсуге күш саламыз, – дейді мектеп басшысы Гүлжазира Ғинятқызы.
Ендеше, мектеп ұжымын кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, мақсаттарының орындалуын тілейміз.
Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ