Қош бол, сүйікті балабақшам!

Рудный қаласындағы «Балдәурен» мектепке дейінгі дамыту және тәрбиелеу орталығында балабақшамен қоштасу ертеңгілігі өтті

«Бала естігенін айтады, көргенін істейді» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Балабақша – баланың жүйелі түрде білім мен тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы тәрбиеші ұстаздарға байланысты. Осы тұрғыдан алғанда «Балдәурен» балабақшасының мерейі үстем. Бұған «Гүлдер» тобының қоштасу кешінде куә болдық.

Әдетте бір сарында өтетін ертеңгілікті Жанна Күзембаева бастаған ұжым аса үлкен жауапкершілікпен жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Алдымен сахна төріне балаларды оқу мен оқығанды көңілге ықыласпен тоқуға шақырған қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин шақырылады. Ұлы Ұстаз түлектерді балабақшамен қоштасуларымен құттықтап, білім нәрімен сусындатып үлкен өмірге бағыт-бағдар беретін мектепке шақырды.

Алғыр, әр өнерлі балақайлар Ыбырай атаны зор қошеметпен қарсы алып, оның айтқан әрбір сөзін зейін қойып тыңдады.

Одан кейін ортаға Білгішбек, Жалқаубектер шығып болашақ оқушылармен қызықты ойындар өткізді. Әсіресе «Кім жылдам сөз айтады» ойыны барлық қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қатысумен сахналанған «Портфель» көрінісі балақайларға ой салды.

– Бүгінгі шара барысында «Гүлдер» тобының түлектері ән айтып, би билеп, тақпақ айтып өз өнерлерімен баршамызды қуантты. Кеше ғана келген кіп-кішкентай балақайлар ертең мектеп табалдырығын аттайсыздар. Сіздерге сәт-сапар тілеймін! Оқуда озат болыңдар! Ал осы балақайларға екінші «ана» болған топтың тәрбиешісі Дәмдігүл Ғалымқызына зор алғысымды білдіремін, – деді ертеңгілікті қорытындылап, түлектерді мадақтау қағаздарымен марапаттаған балабақша меңгерушісі Жанна Күзембаева.

Кеш соңында балалар мен ата-аналар қауымы ұстаздарға жылы лебіздерін білдіріп, естелік фотоға түсті.

Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *