Тесланың түйсігі

Өркениет көшін жаңа деңгейге, тың бағытқа бұрған ерекше интеллект илері бар. Бірақ, көп емес. Адамзат тарихындағы ең ақылды адамдар қатарына енетін Никола Тесланың ғылыми өнертабыстары өміршеңдігімен маңызды

Физик, инженер, электротехника және радиотехника саласында өнертапқыш Тесла ашқан ғылыми жаңалықтары өз заманында теңдесіз құбылыс ретінде бағаланды, әрі бүгінгі күнге дейін қолданыста келеді. Мәселен, ХІХ ғасырда радиобайланысты қабылдау және байланыстыру тетігі бар толқынның бір бөлшегін дәлелдеді.

1893 жылы ол Чикагода өткен Бүкіләлемдік көрмеде ауыспалы токты таныстырды. Сөйтіп, қауіпсіз электр тоғын ойлап тапты. Яғни Тесла ойлап тапқан әдіс бойынша тұрғын үйлерді жарықтандыру жүзеге асты. Былайғы жұрт оның алғашқы робот концепциясын жасағанын біле бермейтіні де рас.

Жалпы Тесла 300-ден астам өнертабысты патенттеді. Оның ішінде, компрессор, өндірістік желдеткіш, су сорғы, электр есептегіш, жиілік өлшегіш, автомобиль спидометрі, люминесцент лампалар, электр сағаты, электротерапия жабдықтары және т.б ерекше атау керек. Бүгінде медициналық диагностикада пайдаланатын сәулелер (рентген аппараты) Тесла ойлап тапқан құнды өнертабыстың бірі.

Пилотсыз авто және ұшақ, жасанды интеллектілі көліктер өмірімізге еніп жатса, Тесла осыдан 124 жыл бұрын қашықтан басқарылатын құрылғыны ойлап тауып, ұсынады. Өз заманында адам таңғаларлық өнертабыс саналған жобаның ерекшелігі – қашықтықтан басқарылатын қайық еді. Оператор қайықтың рулі мен бұрандасын қашықтан басқарады.

«Біз жаратылыстың ең үлкен құпияларын ашуымыз керек. Тіпті өлімнің өзі өмірдің соңы болмауы мүмкін» дегенді ұстанып өткен Тесла сымсыз коммуникацияның негізін қалап, керек десеңіз, шексіз энергия ұғымын ұсынды.

Алайда оның көптеген өнертабыстары қолдау таппай, жұмбақ күйінде тұр. Бәлкім, заманынан озып туған «болашақ адамы» атанған интеллект иесінің жаңалықтары енді сырын ашар…

 P.S.: Инженер, өнертапқыш, инновациялық жобаларды инвестициялайтын бизнес-магнат Илон Рив Маск «Tesla Motors» компаниясымен әйгілі. Осы «Tesla» бренді Николаның есімімен тығыз байланысты екені анық. Бұл да ұлы ғалымның есімін ұлықтаудың бір тәсілі болса керек-ті.

Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *