Бүгін Зерендіде «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезі аяқталды. Елдің әр түкпірінен, соның ішінде Қостанай облысынан жиналған 350 делегат алғаш рет Net Working форматында ашық табиғат аясында жастар қанатының жұмысына тың серпін беретін өзгерістер мен бетбұрыстарды талқылады.
Съезд жұмысының бірінші күні делегаттар үшін 5 бағыт бойынша білім беру тренингтері ұйымдастырылды: «Жаңа Қазақстан: Жастар және жаңғырту»; «Цифрлық трансформация және жастар»; «Жасыл ел»; «Зияткерлік және креативті қоғам»; «Дені сау ұлт». Белгілі сарапшылар Ақерке Берлібай, Марат Шәкен, Темірлан Қайыржанов, Зульфия Сүлейменова, Мәдина Нұрғалиева және т.б. өз білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті.
Пленарлық отырыс барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдады.
Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
«Біріншіден, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті – цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді», – деп атап өтті президент.
Ендеше съезде сөз сөйлеген спикерлерімізге шолу жасайық.
Пленарлық отырыс барысында сөз сөйлеген медиаволонтер Диас Камериданов партияға барлық тарихи құжаттар мен деректі
фильмдер қазақ және ағылшын тілдерінде цифрландырылатын «Tarih» бірыңғай платформасын әзірлеуді ұсынды.
Партия жастар қанатының Алматы қалалық филиалының волонтері Ариана Белобжицкая еріктілердің 100 мектебін қамтитын Волонтерлер академиясын құруды ұсынды.
Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде әскери қызметте болған ақтөбелік Ұлан Мырзабайдың айтуынша, Отан қорғау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
Жылқышы, информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы қазақ даласында ұйымдастыруды ұсынды.
Сондай-ақ, қоғам қайраткері Дәулет Мұқаев Съезд делегаттары мен қонақтарын «Ақылды жас Азамат» және «AQYL BATTLE» жобалары туралы хабардар етті.
ЕУРО-2022-нің үздік шабуылшысы атанған «Қайрат» футзал клубының шабуылшысы Біржан Оразов партияның жастар қанатының атауын өзгертуді ұсынды.
«Рух – халқымыз үшін киелі құндылықтарды білдіретін ұғым. Жаңартылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Соңғы болып «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Мақсат Толықбай партия атауын «Жастар рухы» деп өзгерту туралы ұсынысқа қолдау білдірді.
Айдын АСҚАР
газета «Рудненский рабочий»