Елімізде жалпы алаяқтық жағдайлар жиілеген. Оның көбі банктік операциялармен байланысты. Белгісіз біреулер қашықтан отырып-ақ адамды алдап, арбайды. Осындай алдау мен арбаулардың алдын алу мақсатында Рудный қалалық полиция басқармасы тындырымды істер атқарып келеді.
Алаяқтың сақтанудың бір ғана жолы – ақпараттық сауаттылық. Сол себепті тәртіп сақшылары бұл жолы тұрғын үйлердің кіреберіс есіктеріне «Алаяқтан қалай сақтануға болады?» атты жаднамаларды жапсыра бастады.
Парақшада бейтаныс адамдармен байланыста болған кезде абай болу керек екендігі ескертіледі. Сонымен қатар, тұрғындарға, әсіресе зейнеткерлерге телефон алаяқтарынан сақ болуға шақырады.
Сонымен жаднамалардағы ұсыныстарға назар аударайық:
► Бейтаныс адамдарға есік ашпаңыз!
► Әлеуметтік қызметкерлер мен басқа да арнайы қызмет мамандарының жеке куәлігін көрсетуді сұраңыз!
► Бейтаныс адамдарға құжаттар бермеңіз!
► Туысы немесе танысы апатқа, түрмеге, ауруханаға түскенін немесе жол-көлік оқиғасы болғанын және ақша керек екенін хабарлаған адамдарға сенбеңіз!
► Бейтаныс адамдардан азық-түлік, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек сатып алмаңыз!
Әрине бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Өйткені орын алып жатқан оқиғалар тұрғындардың аңғалдығынан туындап отыр. Сол себептен де барлық істе мұқият болып, бейтаныс адамдарға сене бермеуге шақырамыз.
Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ
газета «Рудненский рабочий»