Қазір «Жаңа Қазақстан» тіркесін екінің бірі айтатын болды. Енді оны брендке айналдыру үшін не істемек керек? Дұрыс, Конституция жаңарды. Осымен жаңғырамыз ба? Жоқ!
Дамудың жолы – ғылымда. Осыны түсінетін кез келді. Қазір әлем елдері «болашақтың қаласын» салуға талпынып,
цифрландыруға басымдық беріп, нанотехнологияны игеруде.
Расында, нанотехнология ғылымның барлық саласында: электроника, химия, биология, ауылшаруашылығы және т.б. тығыз дамуда.
2025 жылы нанотехнология негізінде жасалған алғашқы роботтар пайда болатыны күтілуде. Олар дайын атомдардан кез келген затты құрастыруға қабілетті болады.
Тіпті роботтың бұл түрі ауылшаруашылығының өсімдіктері мен
жануарларын алмастырып, тамақ шығарады-мыс.
Нанотехнологтардың пайымдауынша, нанороботтар экологиялық жағдайды тұрақтандыруға және өнеркәсіптің заманауи түрлерін игеруде көмекші рөлін атқарады.
Бәрінен бұрын, нанороботтар басқа планетаны бағындыруды іске асырады. Қалай десеңіз, бұл құрылғылар адам өміріне қажетті ортаны қалыптастыра алады.
Әзірге, нанороботтар жайлы білетініміз осы!
Әлемді түбегейлі өзгертетін роботтың бұл түрін озық елдер тәжірибеден өткізуге асық…
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ, арнайы «Кенді өлке» үшін