Сәтпаевтың жолын жалғаушы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – Өлкетану ісіне өскелең ұрпақты тарту. Осы орайда, Рудный қаласындағы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының оқушылары туған жердің тарихын түгендеп, құнды мұраларын жинастырып қана қоймай оның әр тасын зерттеуге құштарлық танытып келеді.

Мысалға, білім ордасының «Georud» командасы бүгінде Ақмола облысының Бурабай курорттық аймағында өтіп жатқан Жас геологтардың VI Қазақстандық ашық далалық олимпиадасына белсене қатысуда.

Ауқымды іс-шара жастарды кәсіптік бағдарлауға, оқушылардың геологиялық ғылымдарға деген қызығушылығын арттыруға, геологияны ғылым және оның қолданбалы мәні ретінде танымал етуге, оқушылардың назарын геоэкология және жер қойнауын қорғау проблемаларына аударуға да бағытталған.

Іс-шараны ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Жас геолог» корпоративтік қоры және «Kazakhmys Barlau» ЖШС, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ ұйымдастыруда.

Олимпиадада Қазақстанның 16 өңірінен, сондай-ақ жақын шетелден 9-11 сыныптардың 150 оқушысы бақ сынап отыр.

Осы апта бойы жас геологтар палеонтология, гидрология, радиометрия, минералогия және петрография, пайдалы қазбалар геологиясы және т. б. сияқты түрлі геологиялық пәндер бойынша сайысқа түседі. Сондай-ақ дала жағдайында шеберлік сыныптары
қарастырылған.

Жарыстардан басқа, жас геологтар экспедициялар барысында табылған минералдар мен асыл тастардың көмегімен өз аймақтарының ерекшеліктерін ұсына алды.

– Қазақстанның жер қойнауы – пайдалы қазбаға бай. Барланғаны, игерілгені көп болғанымен игерілмегені орасан зор. Сол себепті біз Қаныш Сәтпаевтың жолын жалғаушы жастарды тәрбиелеп, ұшан-теңіз жерімізді тиімді пайдалануға мән беруіміз керек. Бұл халықаралық жарыс – жастарымыздың теориялық және практикалық білімдерін көрсетудің, сондай-ақ тәжірибе алмасудың тамаша мүмкіндігі. Бір жағынан, өзін үздік көрсеткен 3 оқушы Satbayev University-не грантқа оқуға түсе алады. Осылайша талапты жастардың таланты одан әрі ұшталмақ, – дейді мектеп директоры Қымбат Бірманова.

Бүгінде «Georud» командасының мүшесі Азат Асхат «мұнай және газды іздеу» сайысында «жүзден жүйрік» шығып 1-орынды иеленді. Келесі сайыстарда да жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінеді деген үміттеміз.

Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *