10 Тамыз – Абай күні!

«Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ».

Мұхтар Мағауин

Біз таяу күндерде мерекелейтін бұл Абай күні – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «біріңді қазақ бірің дос» тұтатын қастерлі күн!

Абай хакімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күнге байланып қалмайтыны белгілі. Дегенмен дербес күн белгіленіп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы бүкіл қазақ халқын қуантып, кеудесін қуаныш кернегені сөзсіз. Нақтылай айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689: «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулысына толықтыру енгізіліп, «10 тамыз – Абай күні» деп бекітілген болатын.

Осылайша, 2020 жылдан бері 10 тамыз Абай күні аталып өтілуде.

Қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаев 1845 жылы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының етегінде туған. Ол композитор, ойшыл, ағартушы және қоғам қайраткері. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан Орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы. «Абай» деп жас Ибраһимді әжесі Зере еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді. Абайдың балалық шағы 19-ғасырдың ортасында өтті.

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы,соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым,кінә қойма!»

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті.

Біз Абай атамызбен мақтанамыз, марқаямыз, шаттанамыз. Абай ілімінің күші ХХI ғасырда да құнын жоймайды, күші кемімейді, қайта қадір-қасиеті артып,биіктей түсері хақ. Мереке қарсаңында, ақын шығармаларын насихаттау мақсатында Рудный қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты интелектуалды танымдық іс шарасы жоспарлануда. Іс-шара барысында ақынның өмірбаяны мен шығармалары тыңдаушыларға толық таныстырылатын болады.

Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы.

Қарлығаш САДУЛЛАЕВА

Тілдерді оқыту орталығының әдіскері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *