Жуырда қойнауы кенге толы қаламыздың іргетасы қаланғанына 65 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мәдени іс-шаралармен қатар әртүрлі қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды, қаламыз той-думанға бөленіп, қонақтар мен тұрғындар мәре-сәре болып, қуанышқа бөленді.
Аталмыш күнінің себебімен қаншама жұмыстар атқарылып, қаламыз одан әрі жаңарып-жасанып, көркейе түсті. Атап айтар болсақ, көшелер қалыпқа келтіріліп, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылды. Саябақтар ретке келтіріліп, субұрқақтар қойылды, көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп, гүлдер егіліп, қаламыз ажарлана түсті.
Сондай-ақ спорттық жаттығу алаңдары мен шомылу жағажайы, балалардың ойын аулалары сияқты тағы басқа да көптеген нысандар қала тұрғындарының пайдалануына берілді.
Мұның бәрі кім үшін? Әрине осы қала тұрғындары біздер үшін жасалуда. Ұғынып-түсінген, еңбекті бағалаған жандар үшін бұл – үлкен игілікті іс. Осындай игі істердің бастамашысы бола білген қала басшылығына, демеуші азаматтарға, көше тазалығына ерен еңбек етіп жүрген барша жандарға Алла разы болсын деп алғыс айтамыз. Алла тағала еңбектеріне береке, дендеріне саулық беріп, ойлаған хайырлы мақсаттарына жеткізсін. Әмин!
Ендігі біздің міндетіміз қадірлі ағайын, жасалған қаншама дүниелерді ұқыпты пайдаланып, көркем қаламыздың тазалығы мен тәртібіне жанашырлықпен қарай білу. Негізгі айтпағым да күнтәртібінен түспейтін осы тазалық мәселесі еді. Шындығына келгенде, тазалық бұл – әр адамның өзі үшін, қала берді отбасы үшін керек екені белгілі. Тазалық – бәрімізге ортақ. Біз негізі көп нәрсеге көз жұмып қараймыз. Бірақ соның зияны айналып келгенде өзімізге тиеді. Жәй ғана үйден шыққан қоқысты көзден таса жерге тастай салу, біздің адамгершілігімізге, мұсылмандығымызға жат нәрсе емес пе?… «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз осындайға айтылса керек.
Тазалық – өмір айнасы, иманның жартысы. Жалпы, тазалық – адамның рухани деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің көрсеткіші. Бұл дегеніміз – адам денсаулығы, ғұмыр жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадыр-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы деген сөз.
Барлық ілімнің қайнар бұлағы болған Құранда: «Анығында, Алла тағала істеген күнәсі үшін шынайы өкініп, өзіне бойсұнушыларды (тәубе етушілерді) және тазарушыларды жақсы көреді»-делінген. Ардақты пайғамбарымыз көпшілік жүретін жерлерді ластау – күнә екендігін ерекше ескерткен. Бірде Алла елшісі (с.ғ.с) сахабаларына: «Абайлаңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болып қалмаңыздар», – дейді. Сонда сахабалар: «Олар кімдер?» деп таңдана сұрағанда, «Ел жүретін жолдарды, көпшілік көлеңкелейтін орындарды, ағаштың түптерін және ел пайдаланатын орындарды ластайтындар» деген екен. Дана халқымыз да тазалыққа аса мән беріп: «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі»-деп насихаттаса, «Жұғын бар жерде шыбын бар, шыбын бар жерде шығын бар» – деген нақылмен, тазалық жоқ жерде бейберекетсіздік деңдеп, адам денсаулығына зиянды факторлар пайда болатынын да айтып кеткен.
Жыршы, ақындарымыз да тазалық жайлы өлеңдерінде:
«Таза болсын даламыз, таза тұрсын қаламыз.
Аялайық бәріміз, жер де біздің анамыз.
Жерге қоқыс тастама, айналаңды ластама!
Табиғатты аялап, үлгі бол сен басқаға!» деп жырлайды.
Қымбатты бауырлар, қала тұрғындары! Қала келбеті тек қана сәнді-сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан шырайлы шаһарымыздың ажары оның тазалығына да тығыз байланыстығ осыны ұмытпайық. Сол үшін де өз қаламызды таза ұстап, оның көркейуіне үлес қосу – әрқайсымыздың міндетіміз.
Рудный қалалық
мешітінің имамы
Бектұрсын ТОРҒАЙБАЙҰЛЫ