Ана мен бала – Президент назарында

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында да ана мен бала мәселесіне тоқталып:»Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады” деп атап өтті. Әлеуметтік қолдау бағытындағы осы жағымды жаңалықты рудныйлықтар да ерекше ықыласпен қабылдады.

Сәнім БЕКЕТҚЫЗЫ, медицина саласының маманы:

«Әрине, Президентіміздің халыққа Жолдауын оқып, таныс болып жатырмыз. Мұндағы айтылған дүниелердің басым көпшілігі баяғыда шешімін табатын мәселелер еді. Биылғы жылға бұйырған екен. Жолдауда айтылып жатқан зейнеткерлік жас, отбасылық зорлық-зомбылық, бала күтіміне жағдай жасау сынды бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері өте орынды. Соның ішінде өзім қазіргі таңда бала күтімімен отырған ана ретінде 1 жасқа дейінгі төленетін жәрдемақыға тоқталар болсам, бұл табылған шешім болды. Бұрынғыға қарағанда 6 айға қосымша берілетін жәрдемақы мөлшері біраз дүниеге септігін тигізетіні сөзсіз.

Сондай-ақ, өзім медицина саласының маманы болғандықтан мына дүние маған таныс жағдай: көптеген бала күтімімен отырған аналар, күйбең тірліктің қамына кірісіп, бала 1 жасқа толмай жатып жұмысқа шығып кетеді. Әрине, ақша артық болмайды ғой. Бірақ соның салдарынан кішкентай бүлдіршіндеріміз ана сүтін толық қабылдамағандықтан түрлі ауруларға иммунитеті төтеп бере алмай жатады. Яғни, ананың ақшаға бола жұмысқа шығып, баласына қарауға уақыты болмай жүруінің тек зияны болмаса, пайдасы мүлдем жоқ. Сондықтан бұл шешімді мен құптаймын. Тіпті, алдыңғы бір жиындарда айтылғандай 3 жасқа дейін ұзартса да артық болмас еді. Оны уақыт көрсетер».

Әлима САБЫРҚЫЗЫ, зейнеттегі көпбалалы ана:

«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әрбір тарау мен бөлімдер өте мұқият қарастырылған. Әр салада, әр маңызы бар дүниелерді топтастырып, ортақ шешім шығара білген. Қай жағынан алып қарасақ та әрбір айтылған мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамын. Өзім қазір зейнетке шыққан көпбалалы анамын. Аллаға шүкір 3 ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірдім. Жолдасым осы уақытқа дейін түрлі қызметтерді атқарды. Өзім балалардың жағдайымен үй шаруасында болдым үнемі. Қазір сол ұл-қызым ер жетіп, немерелерімді бағып-қағып отырмын. Жастар болғаннан кейін жұмыс істегендері дұрыс болар деп, немерелерімді өзімнің қасыма алдым. Менің балаларыма көмегім де осы ғой.

Кезінде мемлекет тарапынан балаларға әлеуметтік көмек түрлері ғана берілетін. Қазір заман өзгерді. Барлық жағдай қолдан келгенше жасалып жатыр ғой. Мынау өткен жолы 1 қыркүйекте жасалған Жолдаудағы зейнеткерлік жасты былай қойғанда, жастарға көмек ретінде тағайындалған бала күтіміне қатысты жәрдемақыға көңіл толады деуге болады. Себебі, жаңа босанған жас аналарға бұл үлкен көмек. Баланың қасында болып, қарауға да ыңғайлы болар еді. Тіпті, қазіргі таңда сол бала күтіміне берілетін жәрдемақы көлемі балаға жөргек сатып алудан аспайды ғой. Тым құрымағанда 6 айға болса да ұзартылғаны дұрыс болды. Алдағы уақытта жастарға деген көмек түрлері де көбейе береді деген сенімдеміз. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!”.

Айзат ИБРАГИМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *