Қорғансызды заң қорғайды

Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Дегенмен, қазір бұл сөздің қадірін кетіріп жүргендер көп. Себебі көптеген отбасында береке-бірліктен гөрі зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға әлімжеттік жасау көбейген. Сондай-ақ қылмыстық статистика соңғы үш жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқанын көрсетеді.

Жалпы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық елімізде болғанымен, бірен-саран болатын. Бірақ Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Оның ішінде – отбасылық жанжалдан бастап, әйелдеріне ерінің тарапынан қысым көрсетіліп, тіпті бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайлар да көп болғаны бәрімізге мәлім. Жалпы отбасындағы жанжал қайдан шығады? – деген сұраққа келсек, бұл туралы рудныйлық психолог Мырзагүл Жаңабергенова былай деп жауап береді:

— Кейінгі кезде менің көмегіме отбасылық жанжалмен жүгінетіндер көбейді. Соның ішінде жақын туыстары жоқ, не жағдайы төмен отбасынан шыққан әйелдер жиі келеді. Түрлеріне қарасаң әбден шаршаған, шарасыз, кімнен араша сұрарын білмей, ішіндегісін айта алмай булығып тұрады. Психолог болған соң, жәймен ішіндегі мұңын шығаруға тырысамыз. Кейбір әйелдер отбасындағы жанжалға өзін кінәлап, бөлімшелерге арыз түсіруден қашады. Ал кейбіреулері туған-туыстары болса да, олардан көмек сұрамай, «Тұрмысқа шықтым ба, тастай батуым керек. Балаларым үшін қандай жағдайға болсын көнуім керек» дейді. Мұндай жағдайдың барлығы отбасындағы ортақ сүйіспеншіліктің жоқтығынан болады. Кейде кейбір ер адамдар дос-жарандарының «әйелжанды» деген сөзінен сақтанып, ақылға салмай, жұдырық ала жүгіретіндері өкінішті. Яғни, бұл психологиялық ауытқудан туындайтын нәрсе, – дейді ол.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әйелдерден бөлек, балаларға да қысым көрсету әзірге тыйылмай келеді. Бұл жөнінде ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы зерттеулерге сәйкес, отбасындағы балаларды тәрбиелеу мақсатында ересектердің 75 пайызы күш қолданатындығын анықтаған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасында не балабақшада жәбірленсе, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп мұғалімдерінен кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді. Ал зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетінін байқаған.

Осы орайда, отбасындағы әйелдер мен балалардың тұрмыстағы зорлық-зомбылығына қарсы елімізде көптеген шаралар қолға алына бастаған. Соған сәйкес, Ел Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды міндеттеген болатын. Бұл туралы мәжілісте де арнайы жиын өткізіліп, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланған еді. Нәтижесінде, «отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінген. Яғни, әрбір жәбірленуші қол жұмсау әрекетінің алдын алып, құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Осылайша, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың тұтанып кетпеуіне жол бермей, алдын алуға болады.

Айдын АСҚАР
газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *