JAI Battle-да топ жарды

Әзіл жас, ұлт, тіл, планета талғамайды. Мұны Астанадағы «Qazaqstan» орталық концерт залында өткен көңілді тапқырлардың жаңа жобасы – «JAI Battle» дәлелдеді

Бар жанарды жаулаған «Жайдарман» ойындарын жаңа деңгейге көтерген ойында «Рудный құрамасы» оза шауып, «алтын белбеуді» иеленді.

Рудный – шағын қала болғанымен, оның жайдарманшылар бүкіл елге жақсы танымал. Сонау 2012-2013 жылдары Есен Елеукеннің Премьер-Лигасында Ердос Ануарбеков, Мерей Өтеулиев, Болысбек Өмірзақов, Асхат Ахметжамиев, Нұрлыбек Толғанбаев сынды өнерпаздар Премьер-Лигада үлгілі ойын көрсетсе, Қазыбек Нұрғожин, Дулат Серікбай, Береке Набихан, Абзал Айтқұлов бастаған жаңа толқын кеншілер қаласының атауы еліміздің түкпір-түкпіріндегі жайдарман сүйер қауымның ауызында жүретіндей дәрежеге көтерді. Жастар Премьер-Лиганың вице-чемпиондары, 2020 жылы Жоғары Лигада 3-орынды місе тұтса, былтыр 2-орынға көтерілді.

Астанадан «алтын белбеумен» оралған «Рудный құрамасының» ойыншысы Қазыбек Нұрғожинді сөзге тартқан едік.

– «JAI Battle» – Жайдарман ойындарын жаңа деңгейге көтерген ауқымды телевизиялық жоба. Онда еліміздің үздік топтары, отандық блогер-вайнерлер және халықаралық КВН Одағының Жоғары Лига чемпионы, қырғызстандық «Азия Микс» командасы өнер көрсетті. Біз көптің көңілінен шығып, өзіндік қолтаңбасы бар топтардың біріне айналған «Бақтияр Тайлақбаевпен» жекпе-жекке шықтық. Жасыратыны жоқ, екі тарапты да көрермендер мен әділқазылар өте жақсы қарсы алды. Сол себепті соңына дейін жеңіске жетеміз деп ойламадық.

Мүмкіндікті пайдаланып, бізге демеушілік көрсеткен Қазақстан Студенттер Альянсының төрағасы Ілияс Түстікбаев пен Астана өнер мектебінің директоры Арғын Жүкебаев мырзаға алғысымды айтамын, – дейді ол.

Жерлестерімізді кезекті жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз!

Айзат ИБРАГИМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *