Ілім жолы – жәннат жолы

Дініміз Ислам − ілім алуға, сауатты болуға шақыратын дін. Алла Тағала ең алғаш Құран аяттарын уахи еткенде «Алақ» сүресінде: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» − деген. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде «Әрбір мұсылман ер мен әйелге білім алу парыз» дегеніндей мұсылман баласының білімге, ғылым мен ізденіске ұмтылуы парыз.

Оқу ізденіп, талаптану мұсылман баласының дәрежесін көтереді. Соның ішінде әйел баласының сауатты әрі білімді болуы – келешек ұрпақ кемелдігінің баспалдағы. Қазақ тарихында да талай ұлы ғұламаларымызды дүниеге әкелген дана аналарымыз бар екені белгілі. Сондықтан, әр шаңырақта салихалы ұрпақтың өсіп-өну жолында әйел адамдарымыздың білім алуы өте маңызды.

Бүгінде Рудный қалалық «Нұр» мешітінің жанында әйел-қыздар секторы жұмыс істеп тұр. Соның ішінде сауат ашу курстарында 30-ға тарта оқуға ынталы қыз балалар мен мұсылман апаларымыз діни білім мен құран, тәджуид ілімдерін, ұлт мәдениеті мен отбасылық құндылық негіздерін терең меңгеріп келеді.

Қала тұрғыны Әсел Нұрғалиеваның намазға жығылғанына 4 жылдан асты. Бауыр еті балаларына имандылық тәрбиесінің дәнін егіп жүрген кейіпкеріміз әйел жамағатына арналған сауат ашу курсына алдымен 9 жасар қызын әкелген.

– Ілім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Алла Тағала Адам атаны жер бетіне халифа ететінін періштелерге білдіріп, оған барлық нәрсенің атауын үйретіп, періштелерден артық еткен еді.

Сол себепті де 2021 жылдың шілдесінде қызымды мешіт жанындағы сауат ашу курстарына бердім. Уақыт өте келе өзім де білімімді кеңейтуді ұйғардым. Бұл жерде жас ерекшеліктеріне, тіліне қарамайды. Қажет болса екі тілде дәріс оқиды. Үлкені де, кішісі де аптасына 3 рет сабақтарға келіп жүрміз. Арабша әріп танып, Мұғалім Сәни кітабын оқып шықтық. Бүгінде Тәжуид негіздерін өтіп жатырмыз, – дейді ол.

Құран Кәрімде ілім жайында 600-ден аса аятта баян етіп, мұсылманның сауатты болуын бұйырады. Аятта «Білген мен білмеген тең болмайды» деп бекер айтылмайды. Ал білім алу мен сауатты болуға қатысты Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадисін санамалап шығуға болады. Дегенмен мына бір хадис білім алудың қаншалықты сауапты екенін аңғартса керек: «Уа, Әбу Зар! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 ракағат нәпіл намаз оқығаннан да жақсы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін 1000 ракағат нәпіл намаз оқудан хайырлы» (Ибн Мажа, Муқаддима 16).

Ілім жолы – жәннат жолы. Білім алып, өзгеге пайдамыз тиіп жатса және иманына себеп болсақ: «Сенің себебіңмен Алла Тағала бір адамға тура жолды нәсіп етсе,  сен үшін бұл дүние және дүниеде болған барлық нәрседен жақсы» (Бұхари, Жихад 102) деген хадисте айтылған сауапқа кенелеріміз хақ.

Осылай ілім жолында жүрген ұстаздардың бірі Аяулым Смағұлова Мысырдағы Ислам мәдениеті университетін 2016 жылы тәмамдаған. Сол жылы Мүфтияттың бұйрығымен кеншілер қаласындағы «Нұр» мешітінде өз қызметін бастайды. Ұстаз Исламдағы білім алудың артықшылығы, маңызы туралы айтып, білім иелерінің екі дүниеде дәрежелері үстем болатындығын тілге тиек етіп отыр.

– Курс бағдарламасы бойынша әйел жамағатына Құран, Тәжуид дәрістерін, Ақида, Фиқһ негіздерін оқытып қана қоймай қазақтың ұлттық тәрбиесіндегі қыз баланың рөлі, отбасылық құндылықтарды сақтау, мәдениетіміз бен тілімізді дамыту сияқты мәселелерге тоқталып отырамыз.

Мәселен, жуырда Мәулід мерекесін ұйымдастыруға атсалыстық. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында әйел-қыздар арасында волейболдан жарыс өткіздік.

Жалпы алсақ, тәлімгерлеріміздің білуге, білімге деген ұмтылыстары мен аяқалыстары жаман емес. Түсінбей, күрделірек тақырыптарға тоқталғанда қосымша өзіміздің WhatsApp чаттарымызға ақпарат салып, пікір алмасып жатамыз, – дейді ұстаз.

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің әлеуметтік желідегі парақшаларында сауат ашу курстары туралы ақпараттар жиі жарияланып тұрады. Курстар туралы мұсылман жамағаты бір-бірінен естіп немесе Алланың үйіне арнайы келіп біліп жатады. Солардың бірі – Сырғагүл апай.

– 2019 жылы үлкен қажылыққа барып келдім, сол жерден маған Құран кітабын сыйлады. Қасиетті кітапты өзім оқи алмайтындықтан жақын-жуықтан сұрастырдым. Бірақ қазіргі таңда кімнің бос уақыты бар дейсіз.

Осылайша «Нұр» мешітіне келіп, Аяулым апаймен таныстым. Ол кісі Құран Кәрімді әр адам өзі оқу керектігін түсіндірді. Ал араб әрпін тану үшін сауат ашу курстарына жазылуға болатындығын айтты. Міне, содан бері 2 жарым жыл өте шықты. Әріптердің барлығын үйрендік, сүрелерді жаттап, Құранды өзіміз оқып, түйсігімізге түйіп жүрміз.

Бұл жерге келіп қуанғандығым – жастар да дінді танып-білуге көптеп келуде. Қазіргі қоғамның қозғаушы күші болғандықтар жастар заманға сай білім, ақылды, мейірімді, және ең бастысы жүрегінде иманы болуы тиіс, – дейді сауат ашу курсының тәлімгері Сырғагүл Жәрменова.

Айта кетейік, Рудный қалалық «Нұр» мешіті қаламыздағы барлық діни іс-шаралардың өтуіне, тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыруға, жастардың жат ағымдардың етегінде кетпеуінің алдын алуға бағытталған кесек-кесек жұмыстар атқарып келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көптеген игі шараларды ұйымдастыруға қарапайым қала тұрғындары, мешіт жамағаты бір адамдай атсалысып жатқандығы көңіл қуантады.

Айзат ИБРАГИМ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *