Тәуелсіздік – қастерлі ұғым

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 31 жыл. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес.

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттігінің түпкі негізі- сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ Орда мен қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осы бастаманы халық қалаулылары қолдап, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттік дәстүрі жаңғырған күн.

Енді 2022 жылғы 29 қыркүйектегі заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді. Үстіміздегі жылы 16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағлым күні ретінде аталып өтілуде.

Қазақстан Президенті салтанатты ұлықтау рәсімінде: «Біз – рухани мұрасы бай, қарқынды даму әуелеті зор, қуатты әрі өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын ұлтпыз..Мен біздің жастарымыз ұшқыр және озық ойлы екенін мақтан етемін.Сол себепті Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзін үнемі айтамын. Өскелең ұрпақ қана елімізді жарқын болашаққа бастайды. Ол үшін жастар көп еңбектенуі керек.Жаңа білім алуға, тың тәжірибе жинауға ұмтылған жөн.Сонда жастарымыз өз кәсібінің  хас шебері атанып, әрдайым сұранысқа ие,қоғамда сыйлы болады» деді.

Тәуелсіздік ұлттық намысымызды оятты, ұлт ретінде ұйымдастырды. Тәуелсіздік  қазақты әлемге азаттық -сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытты.

Халқымыздың Тәуелсіздігі,еркіндігі,елдігі жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп қызмет еткен Алаштың ардақтыларына тағзым ету туралы Мемлекет басшысы  үнемі айтып келеді. Елорданың «Қаламгерлер» аллеясында Алаш қозғалысының көшбасшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатовтың ескерткішінің ашылуында  Президент: «Ұлтқа шынайы қызмет етудің жарқын үлгісін танытып кеткен олар, дана Абай айтқандай, нағыз «Сүйсінуге жарар, сүйер ұлдарымыз» деді.

Қазақстанның бүгінгі таңдағы тәуелсіздігінің құдіретті күш ұлттар достастығы мен ел бірлігі. Мемлекетіміз осындай аз ғана уақыт ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.Бүгінгі күні бізге ұлы өзгеріс, күрт бұрылыс, ұлттық жаңғыру,алтын идеялар, пікірлер, нақты ұсыныстар ауадай қажет.

Жақында өткен кезектен тыс Президент сайлауында ел сеніміне зор ризашылық білдерген Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ендігі жерде билікте монополия болмайды. Саяси реформаларды жалғастыра береміз. Әділдік орнатып, бәріміз бір ұлт, бір қоғам болып іске кірісуіміз қажет.Басты билік институттарын түгел жаңғыртамыз.Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халықымыздың әл-ауқатын арттырамыз.Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек.Сондықтан әрдайым бірге болайық!» деді.

Аға ұрпақ үшін Рудный болашаққа нық сеніммен қараған жалынды жастық шақтың белгісі. Қала басшылығының қолдауымен рудныйлық кеншілер мен жастар өз батырлары мен танымал тұлғаларына тағзым етеді,тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қаламыздың экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлестерін қосуда.Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады.

Тәуелсіздігімізді алтынымыздай ардақтап,асылымыздай бағалайық!

Әділетті Жаңа Қазақстанды құруға жұдырықтай жұмылып, атсалысайық!

Ұлт намысымен бірге оянып, жеңіске жеткен Тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болғай!

Жақсылық КӘКЕНҰЛЫ,

мемлекеттік қызмет ардагері,

облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *