Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта республикамыздың білім беру ұйымдарында 500 мыңнан аса педагог жұмыс істеуде. Кез келген шәкірттің дарынды, зерек болуы алдымен ұстаздардың білімі мен біліктілігіне байланысты. Қаламыздағы Рудный құрылыс және көлік колледжінде 4 жылдан бері Арман Қани атты жас маман жұмыс істеп жүр. Ол «Жастарға заманауи талапқа сай білім беру – басты миссиям» деп мәлімдеді.
Арман Алтынбекұлы Рудный құрылыс және көлік колледжінде 2019 жылдан бастап қызмет етеді. Ол Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. 2015 жылы «Серпін» бағдарламасымен еліміздің ыстық өңірінен ызғарлы Рудный қаласына арман қуып оқуға келген. Арада 4 жыл өткен соң Рудный индустриалды институтын «Көлік техникасы және технология» мамандығы бойынша тәмамдайды. Осыдан кейін жас түлек өндірістік оқыту шебері ретінде колледжге жұмысқа орналасқан. Арман Алтынбекұлы алғашқыда кедергілер болғанын жасырмайды, өйткені өзімен тетелес студенттерге білім беру қиынға соғыпты. Алайда уақыт өте келе балалармен бірге бір толқында жұмыс істеу ұнай бастаған. «Әзірге туған жерге оралу жоспарда жоқ, осында келгендегі басты миссиямды орындауым қажет»,- деп бөлісті ол.
«Негізгі мамандығым – өндірістік оқыту шебері, яғни балаларды кәсіби тұрғыда жұмыс дағдысына дайындаймын. Туған жерімді сағынамын. Алайда 2015 жылы «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» атты «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен едім. Бұл бағдарламаның мақсатын бірі білсе, бірі біле бермейді. Оңтүстіктегі жастарды халық аз шоғырланған аймақтарға оқуға жіберді. Ендігі мақсатым осы бағдарлама бойынша оқығаннан кейін соңына дейін жеткізу. Қандай жағдай болса да, осы өңірде тұрақтап, өз жұмысымды белгілі бір деңгейге жеткізбей елге оралмаймын»,- деді Арман Қани.
Биыл Арман Асқаровтың еңбек жолындағы алғашқы тобы үлкен өмірге аяқ басады. Жас мұғалім студенттермен оқудан тыс олардың тың қырларын ашу мақсатында көптеген іс-шараларды ұйымдастырады. Атап айтқанда, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған концерттік бағдарламалар, әлеуметтік көмек, дебаттық турнирлер және спорттық ойындарды өткізеді.
«Жақында ашық сынып сағаты апталығында уақытты пайдаланып, балаларды жинап «Олимп» спорт кешенінде футзал турнирін өткіздім. Мұның шығу тарихы өте терең, менің туған жерімде футзалды қарапайым дене шынықтыру мұғалімдерді ұйымдастыратын еді. Сол кішкене жарыстар қазір Қазақстан бойынша әйгілі турнирге айналған. Осыдан соң, «неге осындай турнир өткізбеске?» деген ой туды. Сол себепті білім алушылар арасында ойын ұйымдастыруға бел будым. Идеямды студенттер де қолпаштай кетті. Турнирге 5 команда қатысты. Бірінші орын алған командаға марапаттау, турнир кубогы және 30000 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыстадық. Нәтиже жаман емес, арамызда дарынды жас спортшыларымыз бар екен», — дейді жас маман.
Білікті де білімді жас маманның қызметіне әріптестері де сүйсінеді. Айтуларынша, Арман Асқаров жас та болса, бас боп жүрген, жүктелген міндетіне жауапкершікпен қарайтын озық маман.
«Арманды жас маман ретінде әрі әріптес ретінде жақсы білемін. Ол жаңа технологияларды жан-жақты меңгерген. Қазір кейінгі 4 жылдың көлемінде шебер боп қызмет атқаруда. Соның арасында облыстық «Worldskills Kostanay-2022» байқауынан студентті дайындауда жоғары деңгейден көрініп, бірінші орынға ие болды. Өз жұмысын тиянақты атқаратын шебер маман, жақсы кәсіпкер, жұмысшы деп есептеймін»,-дейді дәнекерлеу бойынша шебер Нұрәлі Бердібайұлы.
Ұстаздарының біліктілігін студенттері де растады. Техникалық мамандарды даярлауда жас маман бар күш-жігерін сарп етуде.
«Арман Алтынбекұлы бізге барлығын егжей-тегейлі үйрететін ұстаз. Ол өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды, кәсіби маман десем артық айтқаным емес. Жалпы бұл мамандықты таңдағанымызға өкінбейміз. Қазіргі таңда техникалық мамандықтар елеулі орын алады. Білікті мамандардың арқасында біз республика көлемінде «Worldskills Kazakhstan» байқауларынан бірінші орынды иеленіп келеміз», — деді Сүндет Тоқтыбаев.
Қазіргі білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті маман дайындау, жастарға пайдалы білім беру, теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту жүйесі және техникалық, кәсіптік мамандар даярлауға айрықша мән берілуде. Өйткені, экономикалық қуаты артқан кезеңде білікті, кәсіби мамандарға әрқашан сұраныс жоғары. Осы орайда жас мұғалімдердің ерен еңбегін атап өтпеске болмас.
Арай Марат