Елімізде бір жылда жалған хабарлама таратқан 25 адам сотталды. Терроризм актілері бойынша жалған хабарламалар саны күрт артып, 181 қылмыстық іс қозғалған. Телефон терроризмі жағдайында қоңырауға қалай жауап беруге болады? Терроризм актісі қаупі бар қоңырау түскен жағдайда қандай шаралар қолдану керек? Рудный қаласы әкімінің кеңесшісі Мирас Джетеновтен сұрап көрдік.
«Телефон» терроризміне ұялы телефондардан қоңырау шалу, сондай-ақ факс аппараттары мен интернет желісін пайдалану арқылы терроризм актісі жайлы жалған хабарлау. Әдетте, бұл қарапайым бұзақылық немесе атын шығарудың әлегі, маңызды объектінің немесе іс-шараның жұмысына залал келтіру, белгілі бір адамды бопсалау немесе арнайы қызметтердің жалған шақыртуы.
«24 наурызда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының басшысы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы төрағалығымен Орталықтың отырысы өтті. Оның барысында төраға жалпы Қазақстанда жалған терроризмге қатысты фактілердің көбею үрдісі байқалып отырғаны туралы мәлімдеме жасады. Яғни, оның саны 2020 жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Қала тұрғындарының назарына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабы «Терроризм актісі туралы жалған хабарлау» бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін еске салғым келеді», — деді Рудный қаласы әкімінің кеңесшісі Мирас Джетенов.
Жедел іс-шараларды жүзеге асыруға қатысатын басшылар мен лауазымды тұлғалар үнемі біліктіліктерін арттырып отыруы абзал. Жиында осындай бұйрық берілген. Террористік қылмыстарды анықтау, жолын кесу, қылмысты ашу мен тергеу тетіктерін жетілдіру үшін қажет. Әкім кеңесшісінің сөзіне сенсек, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде.
«Біз терроризмнің алдын алу бойынша қала кәсіпорындарының ұйымдарының ұжымдарымен, ұйым басшыларымен үнемі кездесу өткіземіз. Сондай-ақ ұйым басшыларының өздері күдікті заттарды анықтағанда, күдікті қоңыраулар келіп түскенде қандай әрекеттер жасау керек, не істеу керек, қандай құзырлы органдарға хабарласу керектігі жөнінде оқу сабақтарын, брифингтерді, өз топтарымен, ұйымдарымен және еңбек ұжымдарымен өткізетініне назар аударамыз»,— деді әкім кеңесшісі.
Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Қылмыстың бұл түрі үшін жауапкершілік 14 жастан бастап қарастырылады. Террорлық акт туралы анонимді хабарлама түскен жағдайда үрейленбеу қажет. Телефон қоңырауының жазбасын дереу қосуға тырысып, қоңыраудың сипатын — қалалық, ұялы немесе қалааралық екенін анықтаған жөн. Және кез келген ақылға қонымды сылтаумен оларды қоңырауды қайталауға көндіру керек.
«Өз әріптестеріңізге «102» нөмірі бойынша хабарлау қажет екенін, қоңырау түскенін, терроризм актісінің қаупі болуы мүмкін екенін хабарлаңыз. Сіз сөйлесе отырып қағазға шартты жазбалар жасаңыз.Яғни, қоңыраудың түсу уақытын, қоңыраудың сипатын, дауыс тембрін: ер не әйел адам екенін жазуыңыз керек»,- деді Мирас Джетенов.
Қасақана жалған ақпаратты тексеруге шыққан құқық қорғау органдарының қызметкерлері дер кезінде қиыншылыққа тап болғандардың қасына жете бермейді. Ал, қалжындасуға шешім қабылдаған «телефон террористі» міндетті түрде жазаланады. Сондықтан жалған хабарлама таратуға бекінбес бұрын, телефон терорризмнің одан кейінгі салдары туралы тағы бір мәрте ойланған абзал.
Зерде Жеңіс