Елімізде Ұлы Жеңіс күніне орай жалпыұлттық патриоттық диктант ұйымдастырылды. Мақсат – ел егемендігі мен Тәуелсіздігін дәріптеу, ұлттық құндылықтар мен қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау және сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру да маңызды.
Жалпыұлттық патриоттық іс-шара шаһарымызда да өткізілді. Диктант тіл мәдениетінің деңгейін арттыру, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, жастар арасында патриотизмге тәрбиелеу және қоғамдық келісімді нығайту мақсатында өткізіледі. Айта кету керек, комиссия құрамында «Қоғамдық келісім» мекемесінің бас маманы Айбек Таңатбаев болып, қатысушылардың сауаттылығын бағалады.
«Бүгін Рудный қаласында «Қоғамдық келісім» мекемесі Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы бірлесе отырып, жалпыұлттық диктант өткізуде. Аталмыш іс-шара осы білім ордасының 50-ге жуық студенттерінің қатысуымен жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жыл сайын студенттердің қазақ тіліне деген құрметі, тіл үйренуге деген ықыластары артуда. Диктант осы мақсатта 3 жылдан бері өткізіліп келеді», — деді Айбек Таңатбаев.
Диктант қазақстандықтардың мемлекетті тілді білу деңгейін анықтайды. Іс шара тілдерді оқыту орталығы, Рудный индустриалды институты мен Рудный көлік және құрылыс колледжінде ұйымдастырылды.
«Жалпыұлттық патриоттық диктантқа колледж студенттері мен қызметкерлері қатысты. Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары елімізде жаппай диктант жазу қолға алына бастады. Бұл әрине, қуанарлық жәйт. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тіліне деген сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Себебі әрқайсымыз Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз бүгінгі өмірі мен болашағы бір бауырлас азаматтармыз» деген. Сондай-ақ, Рудныйлықтар мен қала қонақтарын Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтаймын», — деді Рудный құрылыс және көлік колледжінің оқытушысы Инеш Сактаганова.
Қатысушылардың жасына, тілдік ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Диктанттың көлемі шағын -141 сөзден тұрады. Рудный көлік және құрылыс колледжі студенті Шөнішбаев Бекнұр үшін диктант жазу қиынға соқпапты.
«Бүгінгі диктантты жазу мен үшін пайдалы, әрі қызықты болды. Тақырыбы да түсінікті. Мәтінде қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалған. Жазу барысында маған еш қиындықтар туғызған жоқ. Керісінше, осы диктантты жазу арқылы мен өз білімімді тексеріп, қорытындылай алдым. Менің өзге ұлттан достарым бар. Оларға қолдан келгенше мемлекеттік тілді үйретуге тырысамын. Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренгенін қалаймын және өз тілімнің мәртебесі көтерілсе деймін»,- деді 1-курс студенті Шөнішбаев Бекнұр.
«Еркін ел ұрпағы» тақырыбымен өрбіген іс-шараға полиция бөлімі, колледж, мектеп, медицина қызметкерлері, қала тұрғындарынан жалпы 1969 адам қатысты. Оның ішінде, студенттер мен оқушылардың саны – 1577. Айта кету керек, ереже бойынша диктант бағаланбайды.
Арай Марат