Колледж түлектеріне арнап кітап жазып шығарды

Қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Индира Жайлаубаева 20 жылға жуық қара шаңырақта еңбек етіп келеді. Ол ұстаздық жолында бірнеше мақалаларды жариялап, білім ордасының түлектері жайлы кітап та жазған.  Ендеше, формат номициясындағы «Үздік әйел-2023» Индира Жұбатқанқызымен тілдескен едік.

Индира Жайлаубаева киелі Торғай елінің тумасы. 2004 жылы Арқалық педагогикалық оқу орнын тәмамдаған соң Рудный қаласындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжге ұстаз болып қызметке орналасады. Міне, содан бері көзді ашып жүмғанша 19 жылдай уақыт зуылдап өткен. Ұстаз студенттеріне білім беріп қана қоймай, олардың шығармашылығын дамытуды көздейді.

«Мен әр сабақты шығармашылық шеберхана деп есептеймін. Оқытудың жаңа технологияларының жеке элементтерін сабақ үстінде тиімді пайдалануға тырысамын. Ең басты көздеген мақсатым — студентті жеке тұлға ретінде қарастырып, оның бойындағы көзге көрінбес қасиеттерін ашу», — деді ұлағатты ұстаз Индира Жайлаубаева.

Шығармашыл жанның мақалалары мен бағындырған шыңдарын есептеуге саусақ жетпес. Ол әр оқу жылы басталған сайын алға жоспар құратынын айтады. Талмай еңбектенуі мен өзіне-өзі жоғары талап қоя білетін білімпаздығының арқасында мақсатына жетпей тынбайды. Индира Жайлаубаева 2020 жылы «Ұшырған баптап ұядан» атты кітабын жазып шығарды. Автор бұл еңбегінде қара шаңырақта қызмет етіп, білім мен ғылым саласының дамуына үлес қосқан ардақты ұстаздар мен алғыр да дарынды жастарды насихаттаған. Шығармада 50-ге тарта кейіпкер жазылыпты. Өкінішке қарай, кітап қаражат жетіспеушілігіне байланысты жарыққа шықпады.

«Қазір кітап электрондық нұсқада бар. Типографиядан шығаруға оқталып едім, кем дегенде 20-30 кітап шығаруы керек екен. Болашақта осы кітапты қолға алғым келеді. Кітаптың атауы – «Ұшырған баптап ұядан», яғни осы колледжді тәмамдаған студенттердің қазіргі жетістіктері жайлы жазылған», — деді Индира Жұбатқанқызы.

Индира Жұбатқанқызы «Жаңашыл ұстаз», «Жылдың үздік авторы» марапаттарының иегері. Сондай-ақ жақында формат номинациясы бойынша шаһарымызда «Үздік әйел» атанды. Білікті де білімді кәсіби маманның қызметіне әріптестері де сүйсінеді. Айтуларынша, Индира Жайлаубаева, өзіңе жүктелген міндетіне жауапкершікпен қарайтын дарынды ұстаз.

«Индира Жұбатқанқызы біздің колледжде 2004 жылдан бастап қызмет атқарады. Жоғарғы санатты ұстаз. Ол облыс, республика, қала көлемінде барлық іс-шараларға белсене қатысатын ұстаздың бірі», — деді әріптесі Шынар Құрманбаева.

Ұстаздарының біліктілігін студенттері де растады. Болашақ педагогтарды  кәсіби даярлауда кейіпкеріміз бар күш-жігерін сарп етеді.

«Индира Жайлаубаева – менің сүйікті ұстазым. Мен үшін ол өз бағытын тапқан, жан-жақты, нағыз тіл маманы. Студенттердің қабілетін аша білетін, ақыл кеңестерін беріп, онымен бөлісе алатын қарапайым жан», —  дедң студенті Жанна Төлешова .

Индира Жайлаубаеваның алға қойған мақсаты көп.  Ол «Ізденіс ұстаздың шеберлігін шыңдайды» деп есептейді. Сондай-ақ, күрделі жұмысыңа қарамастан қолдауың аямайтын отбасына да алғысын білдіреді.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *