Бүгінгі таңда экстремизм мен терроризм әлемдегі ең күрделі қауіптердің бірі болып табылады. Әсіресе, оңы мен солын әлі жете танып-білмеген өрімдей жастардың діни сауатын ашу, оларға салиқалы әрі салмақты түсінік беру тек сала мамандарының ғана қолынан келетіні сөзсіз. Осы орайда, «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзиннен жат ағымның алдын алу бойынша жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жөнінде сұрап көрдік.
Қай заманда да қоғамның негізгі қозғаушы күші – кейінгі ұрпақ. Бүгінде жастардың діни санасы мен діни білімін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі ретінде қалып отыр. «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзиннің айтуынша, дәстүрлі емес жат діни ағымның жетегінде кетудің басты себептерінің бірі — діни сауатсыздық.
«Жастарымыздың түрлі діни деструктивті ағымдардың жетегіне еру салдарының бірі – әлеуметтік желілерде толассыз өрбіген экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламалары. Қазіргі жастар көкейіндегі сұрақтарға жауапты ғаламтор бетінен іздейтіні белгілі. Осының барлығы халқымыздың діни сауатының төмендігін көрсетеді. Қазіргі таңда аражігін ажырату үшін дәстүрлі дінімізді зерттеп, өзіміздің салт-санамызға салып есептеп көруіміз қажет. Олардың ішінде дұрыс-бұрысын анықтай алмасаңыз, көрген бейнематериалыңызды, не болмаса тыңдаған аудиоматериалыңызды бізге әкеліп сұрасаңыздар болады. Біз толыққанды жауап беруге тырысамыз»,- деді Сабыржан Есмурзин.
Осылайша, жастардың діни радикалдар қатарына «кетуіне» жол бермеу мақсатында дінді дұрыс зерттеп, діни білімді ресми жерлерден ғана алуға кеңес берілді. Имам егер баланың немесе жасөспірімнің дінге қатысты сұрақтары туындаса, дұрыс бағыт-бағдар беру үшін тікелей мешітке келуін сұрайды. Мешітте діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жыл басынан бері жұмыстар жүргізіліп келеді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «Оңалту» бағыты бойынша мамандандырылған имамдарымыз, теологтарымыз мектеп қабырғасындағы жоғарғы сынып оқушылары және ЖОО-ның білім алушыларымен кездесулер өткізеді. Онда дәстүрлі дініміздің шарттары, діни деструктивті ағымның сипаттары, олардың қауіптілігі туралы уағыз-насихаттар, сабақтар жүргіземіз», — деді бас имам.
Имандылыққа тәрбиелеп, жастардың бойында діни сауаттылықты қалыптастыру — білім беру саласындағы маңызды мәселелердің бірі. Жастарды дұрыс жолға бағыттау қазіргі уақытта аса қажет. Әсіресе, қоғамда белең алып бара жатқан теріс ағымға түсу секілді зиянды қадамдар мен келеңсіз әрекеттерді алдын алуда қоғам болып күресуді қажет етеді. Дін туралы ақпаратты тек ресми ақпарат көздерінен алу, діни-құқықтық сауаттылықты арттыру өте маңызды. Бұл өзіңізді айла-шарғы және деструктивті діни ағымдардың әсерінен қорғауға көмектеседі.
Зерде Жеңіс
газета «Рудненский рабочий»