Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні. Аталмыш мейрам 1950 жылдан бері ондаған елде атап өтіле бастады. Бұл күн балалар үшін көптеген сыйлық алып, жақындарының айрықша махаббатына бөленетін ерекше күн. Мерекеге орай қаламыздың ең жас талантты бүлдіршіні Медет Сагиев туралы жазуды жөн көрдік.
Медет Сагиев 2017 жылы 17 тамызда дүниеге келген. Ол МАДС «А» сыныбының оқушысы. Жас дарын сәби кезінен балабақшаның және қаланың мәдени іс-шараларына белсене араласады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп бабаларымыз тегін айтпаған. Бойында өнері бар жас жеткіншекті көрсе шыңдап, қанатын қатайтып, талантын ашып, бағыт-бағдар беру – аға буынға тән асыл қасиеттің бірі. Соның бірі «Solo» вокалдық студиясы Медеттің бойындағы талантты ерте байқап, үш жасынан өнерге баулыды. Соның нәтижесінде ол «Rudnyi Stars» байқауында 1-орынды жеңіп алған.
«Ұлым Медет өте мейірімді, ақылды, алғыр бала. Ол кішкентай болса да сөздің жөнін, ретін біледі. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!», демекші, балапанымыздың кішкентайынан бойындағы өнерін танып, оны одан әрі шыңдауға бар күшімізді салып келеміз. Ол бос уақытында әрдайым ән айтып жүреді, Мирас Жүгінісовтың андері қатты ұнайды. Өте мейірімді, әрқашан адамдарға көмектесуге дайын. Сабақта да ақылды және алғыр. Ол болашақта өртсөндіруші болғысы келеді», — деді анасы Айнұр Сагиева.
Сондай-ақ сынып жетекшісі Райка Бермухаметовна да оның талантын ерте байқаған. Сол себепті талантты балдырған қазіргі уакытта мектептің мәдени іс-шараларына белсене атсалысады. Медеттің жетістіктері де жетерлік. Ол республикалық «Best talant» байқауында бас жүлдені иеленді және 1 дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сонымен қатар Медет ән айтудан бөлек спортпен де шұғылданады. Қазіргі таңда кекушинкай каратэмен айналысып жүр. Жақында өткен қорытынды аттестацияда қызғылт сары белдік иегері атанды. Спорттың осы түрінен Қостанайда өткен республикалық байқауда 3-орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ дарынды балапан «Шығармашылық» көркемөнер студиясында сурет салумен де айналысады. Бос уақытында коньки тебуді ұнатады.
Зерде Жеңіс