Қазіргі таңда кәсіпкерлер қатары уақыт өткен сайын қалыңдап келеді. Әлі де кәсіп ашамын деп талаптанғандарға қолдау көрсету қажет-ақ. Себебі, ел экономикасының өрлеуіне, қомдануына кәсіпкерлердің әсері мол. Кез келген алпауыт мемлекетті алсақ кәсіпкерлері арқылы өсіп-өркендеп отыр.
Қазір қарапайым шарлар да бизнес көзіне айналды. Бүгінде еліміздегі көптеген адамдар салтанатты кеш, тұсаукесер, той думандарды ұйымдастыру үшін гельмен үрленген шарларды тұтынады. Яғни, мерекелік рәсімдердің барлығына салтанат иелері шар безендіруін қолданатын болған. Елімізде осы шар бизнесімен айналысып 500-600 мың табыс тауып отқан жандар да бар. Декреттік демалысты тиімді пайдаланған жерлесіміз Гүльсая Алдамуратова да шар бизнесін бастаймын деп шешті. Ол үшін бар болғаны шар, лента және гель керек. Көпшілік оның жұмыстарын тұсаукесерлерге, туған күндерге, той-домалаққа тапсырыспен алып тұрады.
«Ең алғашқы айларда менің жұмыстарымды ешкім білмегендіктен 10-15 мыңдай ғана ақша таптым. Қазіргі таңда үйде отырып-ақ 30-40 мыңдай табыс табамын. Жаңа ғана бастаған кәсіпкер ретінде бұл жақсы көрсеткіш деп санаймын. Негізгі мамандығым – автоматтандыру және басқару. Бірақ бұл салада жұмыс істеген емеспін. Әрі қазіргі уақытта декреттік демалыстамын. Отбасымның қолдауы ерекше. Барлық жағдайда көмектесіп, қолдауларын білдіріп отырады. Кәсіп тоқтайды деп қорықпаймын. Елде той-думан болса, кәсібім де жүріп тұрады. Қазақтың тойы бітпесін», — дейді жас кәсіпкер.
Гульсая әлеуметтік желілерде өте белсенді. Өйткені тапсырыс берушілердің басым көпшілігі «instagram» және «WhatsApp» желілерінен келеді. Сондықтан әлеуметтік желілерге түрлі бейнелерді, суреттерді үзбей жүктеп отырады.
Зерде Жеңіс