Ислам діні бойынша ер адамның әйеліне мәһр беруі – уәжіп
Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. «Мәһр» — неке қию барысында әйелге тағайындалатын сыйақы және ол жеке мүлкі болып саналады. Әйел адам қалаған соманы сұрауға құқылы, бірақ екі жас бір-бірінің жағдайын ескеріп, алдын ала келіскені абзал. Қазіргі күні мәһрдің мәнін дұрыс түсінбей, айтыс-тартыс тудырып, талқыға салып жүргендер көпшілік. Осы орайда, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин бұл тақырыпты түсіндірді.
«Мәһр сыйлығы қалындыққа міндетті түрде берілгені дұрыс. Себебі, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген қазағымыздың сөзі бар, қандай да бір жағдай болып қалуы мүмкін. Екі жас ажырасып жатса, не болмаса күйеуі қайтып кетіп жатса, осы мәһр арқылы қыз өзін және бала-шағасын асырауға көмек бола алады. Егер неке қиылған кезде мәһр айтылмай қалса, кейін күйеу жігіт тарапы мойнында қарыз болмау үшін, орташа мөлшер көлемінде сыйлықты бергені дұрыс болады. Бірақ, мүлдем берілмей қалса неке қабыл бола береді. Жалпы, неке қиған кезде біз жігіттерге ескертеміз, жағдайларын келген күндері берден бергендерін дұрыс деп. Өйткені, мәһр сұралғаннан кейін, күйеу жігіт оны уәде етіп, өз мойнына қарыз ретінде алады. Ал, ол өмірдегі ең ауыры. Енді ең ұзақ мерзімі, дүниеден өткен уақытқа дейін толық берілуі керек. Ерлі-зайыптылар ажырасқан күні, мәһрді беру еріне міндет»,- дейді бас имам Сабыржан Есмурзин.
Қазақ халқында «қалың мал» деген салт-дәстүр бар. Оны көбісі мәһрмен шатастырып немесе екеуі бір ұғым деп санайды. Қалың мал- ол қалындықтың отбасына беріліп, ғұрып бойынша қыздың жасауына жұмсалатын ақша. Ал мәһр дегеніміз жігіт тарапынан жас келінге беруге міндеттелген сыйдың бір түрі. Шариғат талабы бойынша неке қиылып жатқан кезде, қыз өзінің өмірін, тәнін күйеуіне арнап бағыштағаны үшін берілетін сый. Қарапайым сөзбен айтқанда бұл қыздың капиталы. Мәһр ақшалай немесе заттай беріледі. Оның сипаты мен мөлшері анық көрсетілуі керек. Мәһрдің ең аз мөлшері 10 дирхам, яғни 4,25 гр алтын немесе оның құнына тең болуы тиіс. Қазіргі таңда нарықтағы баға бойынша- 69 300 тг көлемінде. Жоғарысының шегі жоқ, бірақ оны екі жақтың жағдайына қарап белгілеген орынды.
Ал, «мәхр» көлеміне шек қойылмаған, яғни қалыңдық күйеу жігіттен не сұраса да, ерікті. Бірақ, қазіргі күні жастардың мәһр мөлшерін көп сұрауы немесе болмашы нәрселерді талап ету, өкінішке орай тәрбиесіне байланысты. Жас келіндер жарыс ұйымдастырғандай бірі үй, бірі көлік, бірі қымбат дизайнерлік заттар сұрауда. Әйел кісі ерінің жағдайына ескере отырып, сыйлығын ойланып таңдаған жөн. Өйткені, мәһр күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек.
«Бізге неке қидыруға келген жастардың көбі қызыл-жасыл дүниеге әбден қызығып үйренгені байқалады. «Tiktok», «Instagram» және басқа да әлеуметтік желілерде әл-ауқатты, едәуір жоғары бай манаптардың қыздары мінген автокөліктерін аңсап, ұстаған смартфонына қызығып, мәһрге келгенде талап қойып жатады. Әрине, дұрыс емес. Бұл қызға жат қылық. Қыздың мәхр сұрауынан шыққан тегінін жақсылығын байқауға болады», – деді бас имам Сабыржан Есмурзин.
Ибн Хиббан келтірген хадисте Пайғамбарымыз: «Әйелдердің ең жақсысы – мәһрі аз болғаны», – деген. Ол қыздың тектілігін көрсетеді, ал көп сұрап жатқаны ашкөзділіктін белгісі. Сүйіп қосылған жұбайының шамадан тыс шашылуын болдырмай, сай қылып сұраған дұрыс. Сол себепті нәзік жандылар мәһрді емес, отбасында бақытты болуын тілек етіңіз.
Сания Сақтаған