Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында сұйытылған газ бағасы бензин бағасымен теңесуі мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Министрдің айтуынша, бізде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі күрт өсіп кеткен. Ол негізі автомобильдерді газға ауыстыруға байланысты екен.
«Әсіресе көліктерді әуесқой тәсілмен газ жағатын етіп қайта жабдықтау жаппай белең алды. 9 айдың ішінде сұйытылған газдың өндірісінен туындайтын теңгерім 25 пайызға артты. Бізге қосымша көлемдер іздеуге тура келіп отыр.
Біз «Теңізшевройлмен» келіссөз жүргіздік. Олар ішкі нарыққа ай сайын қосымша 10 мың тонна жеткізіп тұр. «ҚазМұнайГаздың бүкіл көлемін ішкі нарыққа бағыттадық. Осының есебінен теңгерімді ұстап тұрмыз. Яғни, қазір сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Өңірлерде жеткізуден туындаған мәселелер бар шығар. Біз осыны проблема деп отырмыз», — деді ол.
Министр қазақстандықтарға көлігін газға ауыстыруға асықпау керек деген кеңесін тағы айтты. «Машиналарды осындай қарқынмен газға ауыстыра беретін болса, келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті қысқа мерзімдегі қажеттіліктерге жетпей қалуы мүмкін.
Тіпті сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болады. Тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал. Сондықтан автомобиль тізгіндеушілерді көліктерін газға ауыстыруға асықпауға үндеп жүрміз», — деді Сәтқалиев. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрі қазақстандықтарға көліктерін сұйытылған газға ауыстырмауға кеңес берген еді.