Ойыншылар қоғамнан оқшауланып, құмарлықпен ойнауды тоқтата алмайтын нүктеге жетуде
«Лудомания» соңғы кездері әлемдік үрдіске айналып, қауіпті вирус ретінде таралып отырған ғасырлық мәселелердің бірі. Бұл індет құмар ойындарға патологиялық бейімділігімен сипатталатын тәуелділіктің кең таралған түрі болып табылады. Жыл сайын ауру Қазақстанның барлық өңірлерінде мыңдаған отбасыларды ажырастырып, азаматтарды шексіз қарыздарды өз мойнына алуға мәжбүрлейді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында: «Өскелең ұрпақтың денсаулығына «әлеуметтік кеселдер» залалын тигізеді. Шылым шегуге, ішімдікке және есірткіге тәуелді болу – кеңінен таралған жағымсыз әдеттер. Бұған қоса соңғы кезде жастар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік белең алуда. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдеріміз заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдады. Бірақ, бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз. Жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қолдану қажет. Лудоманияға жан-жақты тосқауыл қоюға тиіспіз. Бұл ретте, заңнамалық шара қабылдаумен шектеліп қалуға болмайды. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатымен тиімді тәсілдер қолдану қажет»,- деп індет туралы кеңінен ескертіп, атқарушы билікке нақты тапсырмалар берген болатын.
Бірқатар шетелдік ғылыми зерттеулердің деректері бойынша лудоманияның таралуы әлемдегі ересек халықтың шамамен 3% -ында бағаланады, тұрақты түрде 12,5% ойнайды. Қазақстанда ойын тәуелділігін мойындайтын адамдардың саны 36 000-ға жуық.
Адам баласының құмар ойынға кіріп кетуі қас-қағым сәтте бола қоятын нәрсе емес. Ешкім де анасынан ойынқұмар болып тумайды. Алайда кез-келген адамның өзі жеңіл ақшаға әуес екенін байқамауы мүмкін. Жеңіл жолмен ақша табу – құмар ойынның алғашқы сатысы іспетті. Бұрын құмар ойын десе, карта, казино немесе ойын автоматтары ойға келсе, қазір үйден шығудың да қажеті болмай қалды. Интернетке қосылып тұрған компьютер немесе қолда смартфон болса, бұрынғыдай көше кезіп, тоңып-шашырап ойын автоматын, казино іздеудің қажеті жоқ. Бәрі көз алдыңыздағы көк экранда қолжетімді. Әлеуметтік желілердегі, сауда орындарындағы ұтыс ойындары да шарттарына үңіліп қарамасаң, лотереяның бір түрі болуы ықтимал.
«Кез-келген адам осындай кеселге душар болса, бір адамның күшімен жеңетін мәселе емес. Ол кеселмен халық, әлеумет болып күресуіміз керек. Лудомания дертіне шалдыққан адамға психолог және дін маманымен жұмыс істеу қажет. Ұтыс-ойын ойнайтын адамның негізгі түпкі санасында «жеңіл ақша табу» ғана болады. Бірақ, бұл дүниеде тапқан ақшасы берекелі болуы үшін еңбектенуі керек. Жалпы тәрбие балалық шақтан басталады. Баланы кішкентай кезінен бастап жұмсап, еңбекке баулап өсіру керек. Ол қарапайым қоқыс шығару, үй жинау деген істерден басталады. Сондай-ақ, баланың бос уақыты болмай, сабақтан тыс түрлі секцияларға қатысқан жөн»,- деп Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин өз ойымен бөлісті.
Біздің асыл дініміз құмар ойындарды мақұлдамайтыны анық. Құранның аятында «майсир» сөзі аталады, ол «азғындық» сөзімен бірдей мағынаға ие. Исламдағы құмар ойындарға тыйым салу туралы Қасиетті Құранның «Маида» сүресінің 90-91 аяттарында: «О, сенгендер! Шынында да, мас күйіндегі сусындар, құмар ойындар, тас пұттар мен көріпкел жебелер шайтанның істерінен шыққан. Одан аулақ болыңыз, мүмкін сіз сәттілікке жетесіз. Шынында да, шайтан мас күйінде ішетін сусындар мен құмар ойындардың көмегімен араздық пен жеккөрушілік танытып, сізді Алланы еске алу мен дұғадан алшақтатқысы келеді. Сіз шынымен тоқтамайсыз ба?!» делінген.
Осылайша, ең үлкен күнәлардың ішінде спирттік ішімдіктер ішу мен құмар ойындар да кіреді. Олар адамның санасы мен адами қасиеттерінен айырып, оны шайтанның жалған жолына апаратын ауыр күнәлардың бірі. Сондықтан, мұндай заңсыз іс-әрекеттерден алшақ тұрып, көп жұмыс істеп, адал жолмен ақша тапқан жөн.
Сания САКТАГАН