Қаламызда Сүндет Молдашевтың шығармашылық кеші өтті

Рудный қаласының жергілікті ақыны, тіл маманы Сүндет Молдашевтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Қаламгер құрмет иесі» атты кездесу кеші өтті. Шара Тәуелсіздік күніне және қалалық Ардагерлер ұйымының 50 жылдығына орай, жастарымыздың отансүйгіштік пен адамгершілікке, өз жеріне деген мақтаныш сезімін тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.

Жыр кешінде ақынның өнердегі, әрі өмірдегі замандастары, Рудный қаласының құрметті азаматы, қалалық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы — Сәлімгерей Сұлтанғазыұлы, Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі — Ахметжанов Ғабдолла қажы, Нураддин Умбеттиярұлы, Жақсылық Кәкенұлы, қалалық ардагерлер ұйымының тексеру комиссиясының төрағасы, жоба жетекшісі — Ләйлә Жұмағалиқызы, қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңбыршы Тұқатұлы, жергілікті қаламгер ақындар Мүслима Нұрғалиқызы мен Қыдырбек Өтебаев  ақынға сөз арнап, шығармашылық табыс тіледі.

Әдебиет сүйер қауымға етене таныс ақын, «Асылдар сөзі» кітабының авторы Сүндет Молдашев 1955 жылы 20 қазанда  Өзбекстан Республикасы, Бухара облысы, Тақырқұдық ауылында дүниеге келген. Ташкент қаласындағы Педогогика институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» (филология) факультетінде оқыған. Жасынан ауыл ақсақалдарынан ауыз әдебиеті үлгілерін тыңдап, қазақ би-шешендерінің асыл сөздерін, дастан-жырларды қызыға оқып, жаттап өскен. 40 жыл ұстаздық еткен Сүндет Ұбайұлы «Халақ ағарту ісінің үздігі» төс белгісісінің иегері. Қандасымыз 2013 жылы зейнет жасында Рудный қаласына көшіп келген. Қаладағы іс-шараларда халықты рухани сөз өнерімен, жаңа жазылған өлең-жырларымен сусындатып жүрген белсенді азаматтарымыздың бірі.

Қандасымыдың айтуынша, қолына қаламды 20 жасында алған.  Алғашында тек мақала жазумен айналысып, өлең жазу тек арнайы мерекеге немесе ұсынысқа орай болған екен.

«Өз бойымдағы барлық ең жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын» деген Максим Горькийдің керемет сөзі бар. Осы орайда жастарға айтарым, қазіргі қоғамдағы өзгерістердің жақсы жағын қабылдау білу керек. Мүмкіндіктерді қолдана білу керек. Білімге, өнерге кітап арқылы жете білу керек. Мен өзім толығымен шығармашылыққа 40 жастан бастап қалам бұрдым. Еш өкінішім жоқ. Жастайымнан Өмірзақ Қожамұратовтың, Мұқағали Мақатаевтың және Шерхан Мұртазаның шығармашылығын жақын тартамын. Алғашында мереке жиындарда жергілікті ақындардың жақсы шығармаларын жинап, теріп мақала ретінде газет беттеріне жариялайтынмын. Кітап оқығанды, жыр, термелерді тыңдағанды ұнататынмын. Содан болу керек, өзімнің де қалам ұстауға қызығушылығым артты. Рудныйға келіп, жақсы ортада шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік туды. Қазір жастармен жұмыс жасауға әрдайым дайынмын»,-деп бөлісті ақын.

Шығармашылық ортада құттықтаушылар легі аз болған жоқ – олар ақын шығармаларын жоғары бағалап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі, әлі де тың туындылар күтетіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар, Мүслима Нұрғалиқызы өз арнау өлеңін оқып, ал Жақсылық Кәкенұлы  талант иесінің иығына шапан жауып, ән арнады.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов: «Ардагерлер кеңесі қаламыздың дамуына үлесін қосып жүрген  ардақты азаматтарымызды таныстыру, жас өркендерге олардың өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау мақсатында бірегей іс-шаралар өткізеді. Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, қандасымыз Сүндет Ұбайтұлы қаламызға келгелі мәдени, саяси іс-шараларда белсенділік танытуда. Осы орайда жастарға үлгі ретінде кезекті жиын мемлекеттік кітапхана қабырғасында өтуде. Жастарға тәрбие, білім беретін кездесулер  өткізіп және тұрақты қатысып өсиет айтып жүрген кеңес мүшелеріне алғыс білдіремін. Осындай қала азаматтарымыздың, ардагерлер кеңесі мүшелерінің қоғамға берері мол кездесулері өз жалғасын табады»,- деп өз ойын ортаға салды.

Тағылымды кеште «Құрдастар тобы» мүшелері Шамшия Қайыркенова, Назипа Ыбыраева, Бағдина Бірмағамбетова әсем әндерін орындап, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Міржақып Дулатов атындағы №15 мектеп оқушылар жергілікті ақынның өлеңдерін мәнерлеп  оқып, поэзия кешін қорытындылады.

Жиылған қауым қошемет көрсетіп, жыр кеші иесіне деген құрметпен тарасты.

АЯКӨЗ БЕЙБІТҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Сұлтан Сертаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *