Әдістемелік қолдау- бұл оқу-тәрбие жұмысының әдіс-тәсілдерін игеру, оқу үрдісін ұйымдастыру мен қамтамасыз етудің неғұрлым ыңғайлы және тиімді жаңа формалары мен әдістерін іздеп табу, оларды оқу және тәрбие үрдісінде шығармашылықпен қолдану мақсаттарын көздейтін іс-шараларды көрсететін педагогикалық әрекеттің негізгі түрі.
Мұғалімнің кәсіби шеберлігін жетілдіруде оның өзі жоспарлаған жеке жұмысын және білім жетілдіру мекемелерінде білімін көтеру жұмыстарын үйлестіріп ұйымдастыруды ескерудің, әр білім мекемесінің өзіндік озат тәжірибесін әдістемелік қызмет көрсету арқылы дамытудың маңызы зор.
Осындай, әдістемелік қолдау негізінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының филиалы Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 18 тамызда бекітілген ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспарына (Жол картасы) сәйкес облысымыздың барлық аудан, қала аймақтарында ББЖМ бойынша мұғалімдерді әдістемелік қолдау мақсатында семинарлар, вебинарлар, шебер-сыныптар өткізіп жатыр.
Бұл іс-шаралардың ұйымдастырылу мәселесі білім алушылардың білім жетістіктерін бағалаудың тиімді амалдарын жетілдіру. Яғни, білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу мақсатын көздейді. Бұл мониторинг 4 және 9-сынып оқушыларының оқу сауаттылығы, математикалық сауттылығы және ғылыми жаратылыстану сауаттылығын бақылау мақсатында жүргізіледі.
Осындай іс-шаралардың бірі Рудный қаласында үш күндік әдістемелік-практикалық семинарлар ұйымдастырылды. Семинардың таңдалып алынған бағыты 9-сыныптар бойынша оқу сауаттылығы болып табылады. Бұл семинарға қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері және ағылшын тілі мұғалімдері болды.
Семинардың мақсаты — білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингіне дайындық процесінде 9-сынып оқушыларының оқу сауаттылығын қалыптастыру үшін қолданылатын жүйелі тәсілдерді талқылау, әдістемелік қолдау көрсету, тәжірибе алмасу.
Семинарға «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының филиалы Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институтының тренелері Г.Жусупова, Л.Жаналина, сонымен қатар Рудный қаласының озық тәжірибелі мұғалімдері Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Н.Ибраева, ағылшын тілі пәні мұғалімдері С.Кеулхосов, А.Омаргалиев, А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімдері А. Карамергенов, А.Баймулдина өз тәжірибелерімен бөлісіп, практикалық әдістемелік ұсыныстарымен бөлісті.
Семинар аясында мақсатқа жету үшін оқу сауаттылығы туралы түсінік, мәтіндермен жұмыс, оқу сауаттылығына байланысты тапсырмаларды құрастыру тақырыптарына сәйкес тәжірибелік жұмыстар жүргізілді.
Семинар соңында, семинарға қатысушы пән мұғалімдері кері байланыс беру арқылы сындарлы ойлаудың нәтижесінде рефлексия жүргізді. Демек, мұндай семинарлардың жиі ұйымдастырылуы белгілі бір нәтижеге жетелейтіндігін атап өтті.
Қорытындылай келе, әдістемелік қолдау – мұғалімдердің кәсіби дамуының бір бағыты ретінде жүйелі ұйымдастырылғанда ғана сапалы білімнің бір көрсеткіші ретінде танылатыны сөзсіз.
Г.ЖУСУПОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының филиалы Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институтының кафедра меңгерушісі
Н.ИБРАЕВА,
«Рудный қаласы білім бөлімі Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы» КММ қазақ тілі пәні мұғалімі