Өңір басшысы 2023 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша облыста негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты оң динамика тіркелгенін атап өтті. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 14,4%, құрылыс – 21,8%, инвестициялар – 7,2%, сауда – 4,9%, көлік – 5,0%, тұрғын үйді пайдалануға енгізу – 1,5%-ке өсті. Ауыл шаруашылығы 18,1%-ке төмендеді.
Облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 46%-ке артқан. Былтыр облыс бюджеті 441 млрд. теңге болса, биыл 644 млрд. теңгені құрап отыр. Халықпен кездесу барысында ССКӨБ басшысы Сергей Напольскийдің, қала әкімі Виктор Ионенконың жылдық қорытынды есебі тыңдалып, облыстық деңгейдегі атқарылған және жоспардағы ауқымды шаралар айтылды. Қала тұрғындары өзекті сауалдарына жауап алуға мүмкіндік алды.
— Облыс үшін көптеген мүмкіндіктер ашатын бір маңызды жобаны атап өткім келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына дейін магистральдық газ құбырын салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Бұл газ құбыры елді мекендерді газдандыруға ықпал етеді, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға жағдай жасайды,-деп атап өтті Құмар Іргебайұлы.
Сонымен қатар, индустриялық аймақта ыстықтай брикеттелген темір өндіру зауытының құрылысы және 600 жұмыс орнын құра отырып, жылына 1,0 млн.т. болат дайындамалар өндіретін болат балқыту зауыты, тракторларға арналған кабиналар өндірісі, шойын құю зауытын іске қосу жоспарланып отыр.
— Біз жаңа жобалар бойынша да жұмысты жалғастыратын боламыз. Мәселен, Премьер-Министрдің Бірінші орынбасарының қатысуымен «KIA» зауытының құрылысы басталды. Инвестиция көлемі – 90,0 млрд. теңге, қуаты – жылына 70 мың автокөлік, 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, құны 13,0 млрд. теңге болатын авто бөлшектерін шығару бойынша зауыттың құрылысын бастаймыз,- деді облыс басшысы.