Суретшінің рухани әлемі

Ғасырлар бойы жалғасқан өнер, бүгінгі суретшілердің шығармаларында өзіндік ерекше нәтижесімен танылуда. Суретшілер қай ғасырда өмір сүрмесін заманына қарай ағымдық жаңашылдыққа әрдайым ұмтылады. Дегенмен заманды өзгертетін адам. Уақыт пен кезеңнің қозғалысы жаңашыл жаңғырыққа толы екеніне бүгінде куәміз. Өнер саласынында әрбір сызық заманның толқыны десек, соның жаршысы суретші.  Заманауи сурет өнерінде өзіндік қолтаңба, биік талғамы бар, көп ішінен өз стилін таба алған суретшілер сирек. Солардың қатарында өзін аз уақыттың ішінде таныта білген жандардың бірі — Бахыт Нұрпейісов.

Кейіпкеріміз 11 жыл бойы Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының бассейн нұсқаушысы болып қызмет атқарып келеді. Ал сабақтан тыс, бос уақытында Бахыт Нұрпейісов ақ параққа сурет салуды ұнатады. Бұл хоббимен 2 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді.

— Өзім Әулиекөл ауданы, Қазанбасы ауылының тумасымын. Отбасымызда жалғыз қызымыз бар. Өзім бала кезімнен өнерді құрметтеймін, бірақ сурет салуға деген құлшыныс болған емес, отбасымда да өнерлі ешкім болмады. Өзім жастайымнан ерекше монеталарды, статуэткалардың жоғары коллекциясын жинадым.

— Бахыт ағай, бейнелеу өнеріне қалай келдіңіз?

-Жоғарыда айтып өткендей, мен рухани байлықтарды дәріптеймін. Біздің Қазақстан еліңде көптеген таланатты суретшілер баршылық. Сөйтіп, бірнеше жылдар бұрын суретші ардагерлеріміздің шығармаларын сатып алдым. Бір күндері оларға зақым келіп, жөңдеу керек болды. Қолыма бояуларды алдым және түстерді араластырып оны келтіруге тырыстым. Техникаларын байқадым, одан әрі ғаламтордан іздене бастадым. Менің бейнелеу өнерінен білімім жоқ, одан бұрын сурет салған да емеспін. Шабытым айналамдағы шығармашыл адамдардың арқасында ашылды. Содан толықтай өзім ақ параққа ойымдағы бейнелерді салуға жөн көрдім. Оны бірден суретші достарыма көрсеткем. Олардың айтуынша, өз бойымнан табылған бұл өнерді әрі қарай дамыту керек. Енді қазір санап көрсем 2 жылдың ішінде 100-ге жуық картина жаздым.

— Көп жағдайда қандай тақырыпта не болмаса қай бейнелеу стилін ұстанып сурет салған ұнайды?

— Мен табиғатты бейнелегенді ұнатамын. Баяғыда Афган жерінде әскерде қызмет еттім. Ол аймақтың табиғаты керемет. Таулары әлі күнге дейін көз алдымда. Маған суретшілер қоғамдастығы «сенің тауларың, Қазақстанның тауларына ұқсамайды» деп күліп айтқан. Өзім көп уақыт бойы «көрермен» болдым. Бұл дегенім Қазақстандық суретшілерінің өнерімен жақындап таныстым. Байқағаным қазақи колоритті ұстанып, заманауи техниканы қолдану қазіргі уақытта тренд. Осы бағыт қызық болды, сонымен қатар ойымдағы фантазияны да бейнелеймін. Кейбір кездері түсіме кірген елестерді қағаз бетіне жазамын. Біреуге картина түсініксіз, ұнамауы да мүмкін. Бірақ менің ұстанымым – картинаның өзіме ұнауы. Көп жағдайда сюрреализмді қолданамын. Өнерде сюрреализм адам санасыздығындағы түрлі қайшылықтар мен парадокстарды, үрей мен абыржулы көңіл күйлерді, таңырқауды, өкінуді, үміттенуді әсіре бұрмаланған нақты шындықтар арқылы елестетуге тырысады. Олардың өзгеше бейнелеу тәсілі адамның қалыпты түйсігін бірден бұзады. Мысалы «ана мен бала» картиналары менде баршылық. Олар табиғатпен байланысқан. Отан дегеніміз «анамыз» болса, мен оны үлкен түрде суреттеп таулы аймақтарда жайылып жатқандай бейнесін салдым. Ал қасындағы бала -ол біз.

Сондай-ақ, Бахыт ағайдың импрессионизм бағытында да салған өнерлері бар. Оның ерекшелігі бояуларды үсті-үстіне 3-4 рет енгізу. Осылайша алыстан қарағанда тамаша көрінеді. Сүйікті картиналарға да тоқталдық…

— Суретшіде сүйікті картина болуы мүмкін емес. Ойымнан шыққан шығармаларым, маған балаларым сияқты. Жаңа туынды әрине өзіне ыстық болады. Енді уақытты көп жұмсайтын сала. «Сәукеле» атты туындыға 1 айдай уақыт жұмсалды. Оның қиындығы түстерді қанық бояу және ювелирды тастарды ерекшеленіп көрсете білу керек. Тағы айтып өтетін жайт, мен майлы краскалармен жұмыс жасаймын. Себебі, керек жеріне бояу қосасын немесе артық болса өшіріп тастауға болады. Акварель және акрилмен жұмыс жасау маған қиындау. Түстерді араластырып, жаңа рең беру мен үшін маңызды. Қызғылт, күлгін, қызыл мен қоңыр түстерді көп қолданамын. Әзірше бұл іспен ең бастысы өзім үшін айналысып жүрмін.

Қазақстанның бүгінгі күнгі өнері туралы сөз қозғағанда, әдетке айналып кеткен қазақ бейнелеу өнеріндегі тұрмыстың мазмұндық мәселелері мен ұлтқа тән тартымды ерешелігімізді атап өтпеуге болмайды. Заманауи техниканы қолдана отыра, қазақи нақыштарды салуға ұмтылатындар көпшілік. Бұл бағытта заманауи қазақ қызын суреттей отыра, артыңғы планға киіз үйлерді, аққан бұлақ, жайылған малдар мен көз татарлық қызыл қызғалдақтарды бейнелейді.

 

— Бахыт ағай, қазіргі күні айналысқан ісіңіз хобби ме әлде табыс көзіне айналды ма?

— Өзімді ешқашан кәсіби суретші санамағам, көбінесе қолөнерші шығармын. Біздің Қазақстанда өнер қатты бағаланбайды. Осыған орай мен ғана емес, кәсіби суретшілерде шығармашылықпен алысқа бара алмайды. Табыс бар болса да, көп емес. Көбінесе біз Facebook әлеуметтік желісіне өз еңбектерімізбен бөлісіп отырамыз. Жақында АҚШ мемлекетіндегі Бостон деген қаласынан бір шетелдік азамат «Көшпенділер» картинасын 200 долларға сатып алды. Ол елдің азаматтары өнерді түсінеді және дәріптеп, көтеріп отырады. Әрине бұндай туынды үшін ол сома аз деп санаймын. Егер қазір еңбегім үшін аз төлегісі келсе, мен мүлдем сатпаймын, одан да өзіме қалдырамын.

 

— Туындыларды көрмеге шығару жоспарда бар ма?

— Жақында Қостанай қаласында көрме өтті. Ол кезде өзімнің және атақты суретшілердің картиналарының коллекциясын апардым.  Алдағы уақытта ақпан айында Алматы қаласының көрмесіне шақырып жатыр. Енді қазақ өнеріне жақын 50-ге жуық жаңа картиналарды алып бару керек. Жалпы көптеген іс-шараларға, сайыстарға шақырады, бірақ уақытым жоқ, оқушыларға қарау керек. Жақында зейнетке шыққаннан кейін толықтай бейнелеу өнеріне көшемін. Өзімнің сүйікті абстракция стилінде суреттерімді саламын деп сенемін. Мен сурет салған кезде жандүнием демалады, тыныштықта боламын.

Сания САҚТАҒАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *