Декларация толтыру кезінде жеке деректерін қате көрсеткен қазақстандықтар жауапқа тартылуы мүмкін. Ол жайлы 13 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Нұржан Қуандықов айтты.
ҚМ МКК Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаменті директоры Нұржан Қуандықовтың айтуынша, жеке тұлға декларация ұсынбаған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылатынын айтты. Алайда алғашында азаматқа тек ескерту айтылады – айыппұл төлеудің қажеті жоқ.
«Егер бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса – 15 АЕК көлемінде, яғни 51 мың теңге айыппұл салынады. Декларация тапсыру кезінде бірінші рет толық емес немесе жалған ақпарат көрсетілетін болса, бір жылдың ішінде тек ескерту айтылады, ал қайталанған жағдайда 3 АЕК мөлшерінде, яғни 10 450 теңге айыппұл салынады. Егер адам бір рет салық салынатын объектілерді жасырса, онда бір жыл ішінде оған төленбеген салық сомасынан 200 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады, бұзушылық қайталанған жағдайда – 300 пайыз көлемде айыппұл төлеуге міндеттеледі», – деді Қуандықов.
Департамент директорының сөзіне сенсек, жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
«Егер ресми баға бермесек, әр азамат өз декларациясында кез келген ақпаратты көрсетіп, қандай да бір нәрсенің құны шынайы бағасынан қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтуы мүмкін. Мұндай асыра сілтеудің алдын алу бағалаушы компания нақты бір мүліктің әділ бағасын береді. Пәтер сынды кез келген мемлекеттік тіркеуден өткен мүлік есептелмейді. Біз азамат өзі құнды деп санайтын мүлкіне баға беру туралы айтып отырмыз. Мысалы, сурет немесе зергерлік бұйымдар. Олардың бағасын анықтаған жөн. Бірақ пәтер, көлік сынды дүниелерді бағалаудың қажеті жоқ», – деп атап өтті спикер.