Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да — осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын.
Шын мәнінде, елдің болашағының өркендеуі қабілетті әрі білікті мамандардың қолында. Сондықтан да жастардың бастамаларын қолдау – мемлекеттің қазіргі кезде басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда ауқымды жұмыстардың бірі ол жас мемлекеттік қызметшілер мектебі болып табылады. Осы жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілдері толығырақ түсіндіріп берді.
Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы санындағы жастардың үлесі 30,3% құрайды. Рудный қаласының әкімдігінде 112 мемлекеттік қызметшінің 35 жасқа дейінгі 30 жас маманы жұмыс істейді. Бұл жастардың мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге мүдделі екендігін және қала мен аймақтың дамуына өз үлесін қосуға ұмтылатындығын көрсетеді.
«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы Қостанай облысында 2018 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба мемлекеттік аппаратқа жүктелген міндеттерді орындауға және кәсіби басқарушы болуға бағытталған. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеті бар жас және талантты кадрларды іздеуде.
Мектеп шеңберінде студенттер мемлекеттік қызмет, оның рөлі мен міндеттері туралы білуге, оқу орнында алған теориялық білімдерін практикада бекітуге, құзыреттерін дамытуға, әдеп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік алады.
«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі — бұл мемлекеттік органдарда өз мансабын бастауды жоспарлап отырған жастарға керемет мүмкіндік. Мектеп студенттерге мемлекеттік қызмет тәжірибесімен танысуға бірегей мүмкіндік береді. Олар мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибелі мамандардың дәрістерін тыңдауға, мемлекеттік билік органдарының жұмысы туралы түсінігін қалыптастыруға дағдыланады, өз білімін тәжірибеде қолданып және практикалық міндеттерді шеше отырып, тәжірибелі тәлімгерлердің басшылығымен жұмыс тәжірибесін толықтырады. 2023-2024 оқу жылында жоғары оқу орындарының студенттері мектепке 36 өтінім берді, оның ішінде келесі кезеңге 30 студент өтті. Олар желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалында оқуда. Студенттерге ыңғайлы болу үшін дәріс аптасына 2 рет, кейде онлайн форматында да өтеді. Әрине, алғашқы және қазіргі сабақтарды салыстырсақ көп қателіктер жойылды, бағдарлама жетілдірілді. Қазіргі уақытта сабақтың ыңғайлы өтуіне жағдай жақсы жасалған», – дейді «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті» мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әлия Оспанова өз сөзінде.
Академия филиалында оқу бағдарламасын сәтті аяқтағаннан кейін қатысушылар мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады.
Жастар ел болашағы екенін ескере отырып, жобаның маңыздылығы әр уақытта өзекті бола түсуде және бұл жобаны іске асыру елдегі мемлекеттік қызметтің дамуына зор үлес қосары анық. Қазіргі жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығының артқандығын оған дәлел.
Қатысушы ҚР «Білім туралы» Заңының 39-бабының 1-тармағына сәйкес білім туралы құжатты алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде тестілеуден өтуге құқылы.Тестілеуден сәтті өткеннен кейін қатысушыларға оқуды аяқтағаны және таланттар пулына қабылданғаны туралы сертификат беріледі. Таланттар пулында болу мерзімі сертификат алған сәттен бастап 1 жылды құрайды.
Сания САКТАГАН