Өнегелі отбасы – қоғам байлығы

Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» дейді. Кез келген азаматтың тұлға болып қалыптасуы отбасының демеуімен болады. Отбасы- құнды қазыналардың бірі. Себебі мейірім мен жанашырлық, татулық пен түсіністік орнаған шаңырақта, рухы мықты ұрпақ өсіп-жетіледі. Еңдеше бүгінгі сұқбатымызда арқау болып отырған өнегелі отбасы жайында болмақ.

Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Осындай ынтымағы жарасқан үлгілі отбасы – Құлмырзаевтар отбасы. Олар 2004 жылы отау құрды.

Өз сөзі мен ісі нық азамат Ақылбай Құлмырзаев машинист-тепловоз меңгерушісі. Жанындағы жарын құрметтеп, балаларына да әкесін бағалауды үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп отырған Меруерт Бөдиева ақылды жан. Ол бала бақшада жұмыс атқарады. Жарасымды жанұяда 1 ұл мен 3 қыз тәрбиеленуде. Оларды әкенің ақылы, ананың ақ сүті ақ жолдан адастырмайды деп есептейді. Тұңғышы Нұрсыйла А.Байтұрсынұлы атындағы ЖОО-да Қазақ филологиясы мамандығы бойынша білім алуда. Ақдидар мектеп түлегі, тестілеуге дайындалу сатысында. Болашақта медицина маманы болуды армандайды. Жалғыз үйдің ұлы да бар, өзі спортшы, оқуында озат. Кенже қыздары үйдің еркесі 2 жастан асты.

«8 наурыз күні отасқанымызға 20 жыл болады. Тойымыз ол кездері үйдің алдында дүркіреп өтті. Алғашқы отбасылық күндерді еске алсақ күлеміз. Әрине, қиындықтар да болды. Бірақ, ата-анамызбен тұрған соң тұрмыстық мәселелер тез шешілетін. Басында келіндік өмірге үйрене алмадым, анамыздың қолдауымен ғана, тез жаңа отбасыға сіңдім. Тұңғыш қызымыз 2004 жылы жылдың аяғында дүниеге келді. Ол кездері жас, ұялшақ болдық. Өз баламызды қолымызға алуға қорқатынбыз. Қызымыз бірден ата-әжесінің баласы болып айналып шықты»-, деді Ақылбай Құлмырзаев және Меруерт Бөдиева сұқбат барысында.

  «Қарты бардың қазынасы бар» деген аталы сөз текке айтылмаса керек. Осындай жанның бірі көкірегі даңғыл, көңілі дария ақ жаулықты Сара анамыз шаңырағының саялы бәйтерегі. Өмірден білген-түйгенін қолындағы ұрпағына ұлағат етуде.

«Қыз-балаларыма білгенімді айтып отырамын. Қыздардың тәрбиесіне қатты қараймын. Өздерін көпшілік ортада ұстауын, қатты күлмеуін және үй шаруасына тиянақты болуын қадағалаймын. Ер баламен әрине басқаша, оған күнделікті айтып отырамын: «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсет деп. Өзімнің 5 балам, 15 немерем және 8 шөберем бар. Өзім кіші ұлымның қолындамын. «Келін енесінің топырағынан» деген сөздің жаны бар екен. Келініме қарап отырсам, өзімді көргендей боламын. Өзі тазалықты сақтап, қонақжай, тәрбиелі және сөзімді ешқашан жерге тастамаған. Үлкен немере менікі, өзіне ерекше қараймын. Ешкім оған сөйлемеу керек, маған қатты еркелейді. Ең бастысы балаларым көпшілік алдында құрметті, әрі абыройлы азаматтар,-деді әжесі Сара Аманджолова әңгіме басында.

2014 жылы отбасы Өзбекстан республикасынан көшіп, тарихи Отанына қоныс аударды. Отағасының айтуынша, күш барда еліне өз үлесін қосуға мақсат қойды.

«Ол кезде қолымызда ата-анамызбен үш бала болды. Әжептеуір қиындықтар болмады. Балаларды бірден мектепке бердік, ал 2-3 айдың шамасында жұмысқа тұрақтанып, үлкендер зейнетақыларын ала бастады. Қазір барлық туған-туыстар осы қалада. Бала тәрбиесінде әкесі қаталдау, мен анасы ретінде дос, сырлас ретінде қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Қыздарыма өмірде болуы мүмкін жағдайларды көп түсіндіріп отырамын, біздің үйдегі әр адамның орны бөлек екенің ескертемін», – деді Меруерт Бөдиева.

Құлмырзаевтар отбасы бала тәрбиесіне өте жауапты қарауда, сабақ үлгеріміне, одан тыс спорттық, шығармашылық іс-шараларға қатысуына қолдау көрсетеді. Жанұя салт-дәстүрледі де қатаң сақтанады. Ынтымағы жарасқан бұл отбасында қашанда қонақ үзілмей құтты шаңыраққа айналып отыр.

«Қазір оқуға түскелі бері үйіме айына бір-екі рет ғана келіп отырамын. Ыстық ұямды сағынып отырамын. Әрқашан әжемнің өсиеттері мен анамның ақыл сөздерін ойымда ұстап жүремін. Менің отбасым мені әрқашан қолдайтынына кәміл сенемін. Себебі өзім бала кезімнен қазақ әдебиетіне жақын болддым және осы уақытқа дейін барлық қатысқан жобаларда жүлделі орындар алуым осы ата-анамның көмегімен деп есептеймін», – деді Нұрсыйла Адебова үйдің үлкен қызы.

Нұрлат ұлдары әкесімен өткізген күндерін сұқбат барсында айтып өтті.

«Мен күреске, футболға қатысамын. Әкем әрқашан қолдап отырады, барлық бастамаларыма оң көзқараспен қарайды. Мен отбасымызбен жаңа жыл және балалар күнін тойлағанды ұнатамын. Ол күндері әке бізді саябаққа апарып, тәтті тағамдар алып береді»,- деп өз ойымен Нұрлат бөлісті.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше, айналамызда барлық отбасы осындай болса, еліміздің іргесі де әрдайым мықты болмақ. махаббатқа толы жылы әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *