Наурыз айында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Аталған тестілеу 30 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Егемен Қазақстан газеті.
ҰБТ-ға тіркелу 10 наурызға дейін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, қазірдің өзінде 110 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген екен. Тестілеуге тіркелу уақыты әлі аяқталмағанын ескерсек, үміткерлер саны әлі де артуы мүмкін.
Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады. Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалды, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейінді пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырманы қамтыды. Атап өтсек, бейінді пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.
Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақты құрады. Соның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейінді пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, бұл да өзгеріссіз қалды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.
10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталды, жыл басындағы тестілеуге 134 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде талапкерлердің 76,4%-ы қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, 83 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті ұпайды 77,5%-ға жуық талапкер жинады. Орташа ұпай саны 69-ды құрады. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары ұпай жинады.