Рудный қаласында күй шеруі өтті
Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле, домбыра» күй шеруі Рудный қаласында жалғасын тапты. Кеншілер қаласының домбырашылары орталық алаңда күй орындап, концерт берді. Өнерпаздардың өнеріне тәнті болған қала халқы ризашылықтарын білдірді.
Домбыра — көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл — біздің ұлттық брендіміз», — деді Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Мерекелік жиында қалалық «Аққу», «Дебют», «Салтанат», «Жизель» би ансамбльдері өнер көрсетті. «Келіншек», «Тепеңкөк», «Жастар биі», «Күй тартыс», «Балбырауын», «Әлқисса», «Желдірме», «Салкүрең» секілді күйлер орындалды.
Қала әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев құттықтап, акцияға қатысып белсенділік танытқан, өз шеберлігін көрсеткен өнерпаздарға ризашылығын жеткізді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2018 жылы 12 маусымда ұлттық мереке «Домбыра күні» бекітілді. Қазіргі таңда облыс бойынша мереке қарсаңында шеру өтуде. Білім, мәдениет саласының шығармашылық топтары бүгінгі шарамызға қатысып отыр. Ұлттық құндылығымызды жастарға насихаттау, дәріптеу баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы жолда баршаңызға биік белестерді бағындыруда сәттілік тілейміз! — деп атап өтті.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмір Қалқаев іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан өнерпаздарға алғысын білдіріп, бұл күннің маңызына тоқталды:
— Тобыл-Торғай жерінің Абай Әмірханов, Назымбек Молдахметовтың жолын қуған ізбасарлары, шәкірттері 9 күн күй шеруін өткізуде. Барлығымыз осы «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерін естіп өстік. Осы балаларды жастайынан өнерге баулып, қолдап жүрген ата-аналарына үлкен алғыс! Рудный қалалық әкімдігіне шараның ұйымдастырылуына ат салысқаны үшін және ұйымдастырушы шығармашылық топқа белсенділік үшін ризашылығымызды білдіреміз. Осы жолда музыкалық мектептердің, колледждің оқушыларын дайындағын ұстаздардың рөлі ерекше. Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Өнер мерекесі күні кездесе берейік!.
Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өнерді дамытып, өркендеуіне үлес қосқаны үшін Дархан Балғабекұлы мен Әсем Рашидқызы марапатталды.
Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналған домбыра өнері, халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасқан мұрасы болып табылады. «Күмбірле, домбыра» акциясы ұлттық өнеріміздің тағы бір жетістігі екенін дәлелдейді. Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы, мереке қатысушысы Ботабаева Мадина өз ойымен бөлісті:
— Алтын домбыра» мектебіне барып жүргеніме 2 жылдай уақыт болды. Көптеген күйлерді үйрендік. Жуырда Түркістан қаласына байқауға қатысып келдік. Домбырада ойнау бұрыннан ұнайды. Ұлттық құралды меңгеру кез-келген адамның шеберлігін, талантын ашып, өзің жақсы жағынан көрсете алады деп ойлаймын. Бір күйді үйрену үшін маған 2 аптадай уақыт қажет.
Ұлттық домбыра күнімен барша Рудныйлықтарды шын жүректен құттықтаймыз! Домбыра біздің ұлттық құндылығымыз екенін мәңгі жадымызда сақтай білейік.
Гүлім МҰРАТ