Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ базасында «Тілі бірдің – тілегі бір» мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Тіл мамандарының кәсіби құзыреті мен дағдыларын дамыту» атты интенсів-семинар өткізілді.
Іс-шараның ашылуында Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ басшысы Жанат Досубаева сөз сөйледі. Ол ұстаздық тәжірибені арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Ұстаздық жолда тәжірибе алмасу, тәжірибемен бөлісу баршамызға қажет. Өйткені, ұстаз заман талабына қарай өсуі керек, дамуы керек. Мемлекеттік тіліміздің маңыздылығын арттыру, насихаттау біздердің ортақ мақсатымыз. Осы жолда қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдерінің бір ортаға жиналуы өз нәтижесін береді деген ойдамын. Іс-шарадан алған ақпарат баршаңызға жұмыста септігін тигізері анық. Жұмыстарыңызға сәттілік, табыс тілеймін!» – деп мәлімдеді Жанат Досубаева.
Семинарды Рудный қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Қостанай облысының психологтар қауымдастығы ұйымдастырды. Семинар барысында мұғалімдер «Жазылым дағдысы бойынша оқушылардың шығармашылығын жақсарту», «Айтылым дағдысын дамыту әдістері», «Қазақ тілін оқытуда цифрлық платформаларды ұтымды пайдалану» тақырыптары бойынша білім алды. Мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісті және өзара пікір алмасты.
Семинардың басшысы Әсем Түменбаева семинардың негізгі мақсаты туралы мәлімдеді:
«Бұл семинардың басты мақсаты мұғалімдердің бір-бірімен тәжірибелерімен алмасуы, жаңа технологияларды үйреніп, жұмыс барысында қолдануы. Семинардың спикерлері ретінде Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Кабденова Салтанат Қалижанқызы, Қостанай қаласы білім бөлімінің №4 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Нұрбекова Айнұр Жомартқызы және Қалалық тілдерді оқыту орталығынан жас маман Утемуратова Лаззат Адилбековна қатысты. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Бүгінгі алған білімдерін жұмыста қолданады деген үміттеміз».
Семинар қонағы Салтанат Қалижанқызы қазақ тілінің болашағы мұғалімдердің білімі мен шәкірттерінің қолында екенін айтты. Филология ғылымдарының магистрі, 26 жыл ұстаздық тәжірибесі бар Салтанат Қалижанқызы өз сөзінде:
«Жастарға білім беру күрделі әрі қызықты кезең. Оқушыларды тілге үйрету қиын, бірақ қажет әдіс-тәсілдерді табу оңай емес. Назарбаев зияткерлік мектебі физика-математика және химия бағытында жұмыс істейді, сондықтан тілді оқытуға деген сұраныс жоғары. Оқушылар мектеп аяқтағаннан кейін тест тапсырады. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында курстар мен семинарлар қарқынды өтуде. Сабақ барысында әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану қажет. Сонымен қатар, ғылыми жобаларды жасау да маңызды. Мұндай семинарлар қазақ тілді және аралас білім беретін мектептердің ұстаздары үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын», – деп атап өтті.
Семинар қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мұғалімдерге жаңа білім мен дағдыларды меңгеру мүмкіндігі беріліп, тәжірибе алмасу арқылы олардың кәсіби құзыреті нығайтылады. Семинар барысында ұсынылған ақпараттар мен әдіс-тәсілдер мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын сапалы ұйымдастыруға септігін тигізері анық.
Оқытушыларды үздіксіз кәсіби дамуын дербестендіру, бағдарлау мен үздіксіз білім алу бойынша біліктілікті арттыруды көздейтін жиында спикерлер қатысушылар арасында сауалнамалар жүргізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинар соңында тыңдаушыларға сертификаттар берілді.
Гүлім МҰРАТ