94 251 талапкер 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік грант иегері атанды.
Қазақстанда сенбі күні мемлекеттік грант иегерлері анықталды. 2024-2025 оқу жылына 94 251 талапкер мемлекеттік грантқа ие болса, олардың 15 мыңнан астамы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі талапкерлерге берілген.
Соған орай, Қазақстанда жоғары оқу орындары білім гранты жеңіп алған талапкерлерден оқуға құжат қабылдауды бастады.
Құжаттардың маңызды бірі болып табылатын грант куәлігін Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан жүктеп алуға болады. Ол үшін талапкер өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі мен тест тапсырушының жеке кодын енгізуі қажет. Тест тапсырушының жеке коды ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатында жазылған.
Қабылдау комиссияларына келесі құжаттарды ұсыну қажет:
- жеке куәлік;
- 3х4 көлеміндегі фото;
- орта білім туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом;
- №075/у нысанындағы медициналық анықтама;
- ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;
- білім грантын тағайындау туралы электронды куәлік (болған жағдайда);
- жеңілдетілген санат бойынша растайтын құжаттар (болған жағдайда).
Еске салайық, 2024-2025 жылғы оқу жылына бөлінген жалпы грант саны 94 мыңнан астам, оның ішінде 78 мың грант – бакалавриат студенттеріне, 13 мың грант магистратураға берілсе, 3 мың грант болашақ докторанттарға қарастырылған.
Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары үшін 1890 грант бөлінген. Одан бөлек, 5 мың нысаналы грант 100 пайыз, ауыл шаруашылығы мен ветеринария бағытындағы гранттар толық игерілген. Биыл 104 121 түлек грантқа өтінім берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 10 мың адамға артық көрсеткіш.