Әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі — басты назарда. Әйтсе де, қоғамда әкелердің де мәселесі аз емес. Осыдан бес жыл бұрын құрылған «Әкелер одағы» қауымдастығына шағымданатындар көп.
«Жалғызбасты аналардың мәселелерін көп айтамыз, жалғызбасты әкелердің мәселесі көп. Әрине айтқысы келмейді, оны біз түсінеміз. Намыс деген нәрсе бар. Айтпаса болмайды. Ол жерде балалардың проблемасы бар. Анасыз қалып, 4-5 баланы жалғыз әке асырап отыр. Одан кейін айырылысып жүріп балаларымен көрісе алмай жүрген әкелер бар. Балаларын тастап кеткен әйел адамдар да бар. Шетелге балаларын алып кеткендер де бар.»Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы
Проблема бар және ол отбасыға ортақ. Заң әкелердің де құқығын қорғайды. Жаңа құжат бәріне бірдей қызмет етеді, — дейді депутаттар. Ерлі-зайыптылар бір біріне азап көрсетсе, заң оларды әйел-еркек деп бөлмейді. Кінәлі тарап тергеледі.
Балаға жәбір көрсеткен ана да, әке де жазасыз қалмайды. Қарт ата-анасына қол жұмсаған бала да жазаланады.
«Бұл заң тақырыбы әйел және бала деп аталғанымен ана мен бала деп аталғанымен мұндағы баптардың барлығы қоғамдағы осындай жағдайға тап болған кез келген азаматқа арналады. Оның жынысына бөлінбейді. Неге әйел мен бала деп алдық? Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын біздің қоғамдағы ең әлсіз санат, әрине әйелдер.»Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты
Мәселен қол жұмсағандар 25 тәулікке, қасақана зиян келтірсе, 50 тәулік, аса қатігездікпен азаптағандарды 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Денсаулыққа қасақана ауыр зардап келтіргендер 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Заң бұрынғыдан қатаң, жаза күшейген. Десе де, депутаттар тәрбие жоқ жерде кейде заңның өзі көмектесе алмайтынын айтады.
«Әкелердің рөлін қылмыстық кодекспен тәрбиелей алмаймыз. Әкенің рөлін бала кезінен саналарына сіңіру арқылы ғана. Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі анадан кем емес. Атсалысу керек. Бұрындары енді кенжелеп қалған сала. Соңғы 30 жылда тәрбие мәселесіне бас ауыртқан жоқпыз. Сондықтан біз осының салдарын тартып жатырмыз.»Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты
Соңғы жылдары әкелер институтын дамыту мәселелері көп айтылып жүр. Мемлекет тарапынан да жіті көңіл бөлініп келеді. Мәселен 2 жыл бұрын әкелер күні белгіленді. Әкелер қауымдастығы құрылды. Жыл сайын әкелер форумы ұйымдастырлады. Биылдың өзінде тәрбиелік, танымдық бағытта 600-дан астам іс-шара өткен.