Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасында иесіз жануарларды аулау және уақытша ұстау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға полицейлер, “Қостанай қаласының ветеринариялық станциясы”, “Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы”, жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімі, “Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының” өкілдері және “Надежда плюс KST”ҚБ басшылары мен еріктілер қатысты.
Қаңғыбас иттер әлі де қостанайлықтардың алаңдаушылығын тудыруда. Жыл басынан бері ғана iKomek пен полиция қызметіне 300-ге жуық хабарлама келіп түсті, оның ішінде балаларға шабуыл жасау фактілері туралы 7 хабарлама.
Қазіргі уақытта облыс орталығында 3 мыңнан астам иесіз ит бар, олардың 645-і ұсталып, “Надежда плюс KST” бірлестігіне берілді.
Айта кету керек, жазда олардың көп бөлігі саяжайларда байқалады. Жаз мезгілінде саяжайда тұрғандар күн суытқан кезде өз үйлеріне оралады. Қорексіз қалып, азық іздеген иттер қала ішіне кіріп, тұрғындарға, әсіресе балаларға қауіп төндіреді.
Негізгі мәселені “Надежда плюс KST”ҚБ төраймы АЛЕКСАНДРА ЛЕБЕДИНСКАЯ айтты. Ол ұсталған жануарларды күтуге арналған мемлекеттік пананың болмауы мәселесі ашық күйінде қалып отырғанын атап өтті.
“Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының” деректері бойынша жыл сайын 2 мыңнан астам ит ауланады. Алайда бүгінгі күні бұл жұмыстарға қаржы әлі де жеткіліксіз.
Сонымен қатар, іс-шара барысында қатысушылар жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелерін талқылады.
Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция басқармасының бастығы Мақсұт ЕРАЛИЕВ ағымдағы жылдың 7 айында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін облыстың 325 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Жануарларға жауапкершілікпен қарау ережелерін алғаш рет бұзған 309 адамға полиция ескерту жасады. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 16 адамға қатысты әрқайсысына 20 АЕК (73840 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.