Рудный қаласында 2023 жылы «Отбасын қолдау және белсенді ұзақ ғұмыр» орталығы құрылды. Бұл орталықтың басты мақсаты – отбасы институттарын әлеуметтік қолдау және қорғау, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету. Орталық Горняков көшесі, 74-мекенжайында орналасқан.
Бұл мекеме отбасылық мәселелерге, оның ішінде зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға және тұрмыстық қиындықтарды бастан өткергендерге жедел көмек көрсетеді. Сонымен қатар, орталық азаматтардың белсенді ұзақ өмір сүруіне ықпал етіп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға көмектеседі. Орталықтың сенім телефоны: 4-30-70.
Қиын жағдайға тап болған отбасыларға және нашақорлық пен маскүнемдікке тәуелді адамдарға көмек көрсету бағытында да орталықтың жұмысы ерекше назарда. Қалалық әкім аппаратының заң бөлімінің бас маманы Қайсар Оңғардың айтуынша, мемлекеттің әлеуметтік қорғауға бағытталған шаралары қаламыздағы тұрмыстық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. «Тағдырдың тәлкегіне түсіп, қиындыққа душар болған азаматтардың өз өмірін жаңа парақтан бастауына мүмкіндік жасау – біздің басты міндетіміз», – дейді ол.
Сонымен қатар, Қайсар Оңғар нашақорлық пен алкоголизмге қарсы күрес туралы облыстық психикалық денсаулық орталығының Рудный филиалында жүргізілетін емдеу және оңалту курстарын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл үрдіс үш кезеңнен тұрады:
- Детоксикация– денені зиянды заттардан тазарту және қауіпті абстиненция белгілерін жою.
- Физикалық тәуелділікті жеңу – арнайы дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы науқастың құмарлығын басу.
- Оңалту курсы– психотерапевттің көмегімен науқастың өмірге деген қызығушылығын қалпына келтіру және қоғамға бейімделу.
Нашақорлық пен маскүнемдіктен толық арылу тек науқастың емделуге деген шынайы ниетімен ғана мүмкін. Осы мәселелер бойынша көмек алу үшін Рудныйдағы Сеченов көшесі, 25-мекенжайында орналасқан орталыққа жүгінуге болады. Телефон: 8(71431) 4-42-91. Қостанайдағы сенім телефондары: 8(7142) 547332, 8(7142) 521-049.
Бұл орталықтар қала тұрғындарына өз өмірін қайтадан қалыптастыруға, қиындықтарды жеңуге және қоғамның толыққанды мүшесі болуға көмектесуде маңызды рөл атқарады.
Ербол МОЛДАСЕЙТ,
суретті түсірген Алексей ФРОЛОВ