Қостанай қаласының № 19 ЖББМ оқушысы Леонид Напрасный информатика пәнінің мұғалімі Жанат Нұртазина мен Гүлмира Нұрғалиевамен бірлесіп, көру қабілеті нашар адамдардың қалалық ортада қауіпсіз қозғалысын жақсарту үшін бірегей инновациялық қалпақ ойлап тапты.
«Біз үйлерінен жай шығуының өзі қиынға соғатын адамдарға қозғалыс еркіндігін сыйлағымыз келеді. «Ақылды қалпақ» көру қабілеті нашар адамдарға қала көшелеріне шығуға, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді», — дейді Леонид.
Қалпақ қоршаған ортаны үнемі сканерлеуді қамтамасыз ететін камералар мен датчиктармен жабдықталған. Жасанды интеллект нақты уақыт режимінде алынған деректерді талдап, адамға кедергілер, биіктіктің өзгеруі немесе басқа маңызды элементтер туралы хабарлау арқылы дауыстық белгілерді қалыптастырады.
Сонымен қатар, қалпаққа GPS енгізілген, бұл пайдаланушыға дауыстық навигациялық кеңестер арқылы кеңістікті шарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол смартфонға да қосыла алады, бұл дауыстық хабарландырулар арқылы оқиғалар немесе ауа-райы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Жобада қалпақтың ыңғайлылығы мен эстетикалық дизайнына үлкен мән беріледі, ол тек өз функциясын орындап қана қоймай, сонымен қатар стильді және заманауи болуы қажет.
Оқушының өзі және оның басшылары олардың бұл жұмысы басқаларды мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инновациялық, ең бастысы бюджеттік шешімдер жасауға шабыттандырады деп сенеді.
Команда қалпақты әрі қарай әзірлеу және жаппай өндіріске шығару үшін ұйымдармен ынтымақтастық жасауды жоспарлап отыр.